Алматы арқылы өтетін негізгі өзендерде көшкін қаупінің картасы әзірленеді. Қала басшылығы осылайша тау бөктерінің қауіпті аймақтарында салынатын заңсыз құрылыс санын азайтуды көздеп отыр.
Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында Алматы қаласы сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Темірлан Жапарбек айтқан.
Басқарма өкілінің айтуынша, осы жылдың наурыз-шілде айлары аралығында қаланың 5 ауданының әкімдіктерімен бірлесіп көшкін мәселесі бойынша жиындар өткізіп, тау бөктеріндегі елді мекендердің жай-күйін зерттеген. Нәтижесінде сел мен көшкін қаупі жоғары учаскелерде құрылыс жүргізуге тыйым салу туралы шешім шығарған.
«Тау бөктерлерінде құрылыс салу мәселелерін шешу мақсатында ұзақ мерзімді перспективада Алматы арқылы өтетін төрт негізгі өзенде – «Үлкен Алматы», «Кішкентай Алматы», «Қарғалы және Ақсай» көшкін қаупі картасын жасауға бюджеттік өтінім жолданды. Жасалған тәуекел картасын жобалау алдындағы құжаттаманы, сондай-ақ көшкін қаупі және сел қаупі бар учаскелердегі жерлерді салуға және беруге кейіннен тыйым сала отырып, егжей-тегжейлі жоспарлауға қарастырылуда. Жоба 3 жылға есептелген», – деді Темірлан Жапарбек.
Сонымен қатар, басқарма аудан әкімдіктерімен бірлесіп, көшкін қаупі бар учаскелерді жою үшін жобалық шешімдер дайындады. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады.
Еске сала кетсек, 8 ақпанда лай көшкіні жүріп, тау бөктерінде орналасқан бір үй балшықпен шайылып кеткен болатын. Нәтижесінде бір отбасының 4 тадамы қаза тапты. Осыдан кейін қала әкімі Ерболат Досаев тау бөктеріндегі барлық құрылыс тексеріліп, бір ретке келтірілетінін мәлімдеді. Президенттің сейсмоқауіпсіздікті сақтау туралы тапсырмасын орындау барысында тау бөктеріндегі құрылыстардың қауіпсіздігі тексерілетінін жеткізді. Ал бұрышы 15 градустан асатын жерлерде құрылыс салу мәселесі заңмен шешіледі. Әкім құрылыс ережелерін айналып өтуге жол бермейтін арнайы заң қабылданатынын айтқан болатын.
Қала басшысының айтуынша, Алматы қаласының бас жоспарына сәйкес, бұл жерлердің барлығы рекреациялық аймаққа ауыстырылған. Яғни бұл учаскелерде құрылысқа тыйым салынған.