Тәтішевтер мәлімдемесі: Тоқмәди шартты түрде мерзімінен бұрын босауға дайын емес, адам өлтіргені үшін мерзімін толық өтемеді

Жарияланды
Тәтішевтер отбасы Тоқмәдидің туыстарының мәлімдемесіне жауап қайтарды / Фото: видеокардан үзінді; биль-редактор: Ахтам Зиперов

Тәтішевтер отбасы Тоқмәдидің туыстарының мәлімдемесіне жауап қайтарды. Марқұмның отбасы Мұратхан Тоқмәдидің толық көлемде адам өлтіргені үшін жауапқа тартылмағанын, бұл ісіне шын мәнінде өкінбейтінін айтып, мерзімінен бұрын босап шығуына қарсылық білдіріп отыр.

Тәтішевтің отбасы Тоқмәдидің туыстары келтірген уәжді орынсыз санайды. Бұл жайлы олар кәсіпкердің туыстарының 2024 жылғы 27 тамызда таратқан баспасөз хабарламасына берген жауабында айтқан.

Түрмеде жазасын өтеп отырған кәсіпкердің туыстары таратқан баспасөз хабарламасында шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сот отырысының ешқайсысына жәбірленуші тараптың қатыспағаны айтылған. Алайда қаза тапқан банкирдің отбасы бұл сот отырыстары жайлы хабар алмағанын айтады.

«Баспасөз хабарламасында «Қонаев сотының отырысы екі рет кейінге қалдырылды, бірінші рет жәбірленуші тараптың хабардар етілмеуіне байланысты өтпеді» деп көрсетілген. Бұл уәж дұрыс емес, әрі жалған. Өйткені сотталған Тоқмәдидің өтініш материалдарында прокурордың, мекеме басшылығының, сондай-ақ оның адвокатының хабардар етілгені туралы телефонограмма бар. Бұл құжаттардың ішінде жәбірленуші Е.Н.Тәтішевтің бұл сот отырысы жайлы хабарланғанын растайтын бірде-бір құжат жоқ. Жалпы істе жәбірленуші А.С.Непропекинді хабардар ететін бір ғана хат бар. Бірақ бұл Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2017 жылғы 10 қазандағы Тоқмәдиге қатысты бұрын шығарылған үкімі бойынша жіберілген», – делінген Тәтішевтер отбасының мәлімдемесінде.

Сонымен бірге Тоқмәдидің отбасы қаулы 10 тамызда күшіне енгенін, бірақ жәбірленуші тараптың сот қаулысына қарсы өтініші 11 тамызда ғана сот кеңсесінде тіркелгенін, аппеляциялық шағым түсіретін уақыт өтіп кеткенін айтқан. Ал бұған қатысты жәбірленуші тараптың өз айтары бар. Олар шағымның заң талаптарына сәйкес уақтылы берілгенін айтады.

«Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы қаулы 2024 жылғы 26 шілдеде шығарылғанын ескере отырып, апелляциялық шағым беру уақыты 2024 жылдың 12 тамызына дейінгі мерзімді қамтиды. Алайда 10 тамыз демалыс күніне түсіп қалғаны себепті адвокат апелляциялық шағымды жұмыс күні әрі уақтылы тіркеді», – деп хабарлайды жәбірленуші тарап.

Әділдікпен ойнап отыр…

Сонымен бірге Тәтішевтің туыстары сотталушының түзелмегенін, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға дайын емес екенін айтады. Олар сотталушының адам өлтіру түріндегі жасаған аса ауыр қылмысы үшін жауапкершілік ауыртпалығын толық сезінбей отырғанын алға тартады. Айтуларынша, Тоқмәди әділдікпен «ойнап отыр», заңды күшіне енген сот үкіміне бағынбайды және құрмет көрсетпейді.

Банкирдің туыстары сотталған Тоқмәдидің мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішхатын қарауға қатысты сот отырысын хабарламау арқылы жәбірленуші тарапқа кәсіпкердің шартты түрде мерзімінен бұрын босауына қарсылығын білдіруге мүмкіндік бермегенін айтады.

Сонымен бірге сотта жазаланушының жаза мерзімінің 3/2 бөлігін өтегені ескерілген екен. Банкирдің туыстары мұны да орынсыз деп санайды. Сот қаулы шығарарда кәсіпкердің мінез-құлқы үшін түрмеде үш рет ынталандыруға ие болғанын да ескерген. Алайда марқұмның туыстары Тоқмәдидің түрмеде алты тәртіптік жазаға тартылғанын айтады.

«Сот ұйғарымында сотталған адамның жаза өтеу кезінде өзін байыпты әрі байсалды ұстағаны айтылған. Бірақ оның 6 рет тәртіптік жазаға тартылуы, жағдайдың керісінше болғанын көрсетеді», – дейді банкирдің туыстары.

Ал сотталған адамның мекеме әкімшілігінің талаптарын орындауы, ерікті түрде ұйым мүшесі болуы, қоғамдық өмірге қатысуы түрме талабы екенін, оны орындау әрбір сотталушының міндеті екенін айтқан жәбірленуші тарап бұл фактілердің Тоқмәдидің шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуына негіз бола алмайтынын атап өткен.

«Сот ұйғарымында Тоқмәдидің өз кінәсін түсініп, өкінетіні айтылған. Алайда ол сот шешімімен келіспей талай рет өтініш түсірген. Түрмеде азаптауға ұшырағанын айтқан. Бұл да оның жасаған қылмысына қатысты ұстанымын көрсетеді. Ол өзін кінәсіз деп санайды. Кінәсін тиісті дәрежеде мойындамаған ол бұл ісіне еш өкінбеген. Сонымен қатар қамауда отырғанда Тоқмәдидің қашып кеткенін білеміз. Бұл жағдай да мерзімінен бұрын босату туралы сот ұйғарымында еленбеген», – дейді жәбірленуші тарап.

Тоқмәдиді шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселесін Алматы облыстық соты қарап жатыр. 2024 жылдың 23 тамызыда сот алқасының бірінші отырысы болып өтті. Келесі сот отырысы 2024 жылдың 6 қыркүйегіне жоспарланған.

Мәселенің мән-жайы

Еске сала кетсек, 2024 жылдың 26 ​​шілдесінде Қонаев қаласының соты Әмірқұлов М.Т. банкир Ержан Тәтішевті өлтіргені үшін сотталған Мұратхан Тоқмәдидің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырған болатын. Алайда соттың бұл шешіміне Тәтішевтің отбасы қарсы шығып, сот үкіміне шағым түсірді.

20 тамызда кәсіпкерді мерзімінен бұрын босату ісіне байланысты Қазақстанға АҚШ ФБР-нің бұрынғы басшысы  Луи Фри келетіні хабарланды. Ол 2017 жылы банкирдің өлімінің себебін анықтаушы тергеушілер тобын басқарған. Тергеушілер тобы қылмыстың мән-жайын анықтап, оқтың ұшу траекториясын есептеген. Солайша Мұратхан Тоқмәдидің кінәсін дәлелдеуге, сонымен қатар іске Мұхтар Әблязовтың қатысы барын анықтауға ат салысқан.

Ал кеше, 27 тамыз күні Мұратхан Тоқмәдидің отбасы Тәтішевтер отбасына жауап берді. Олар Луи Фри келтірген деректерді жоққа шығарды. Кәсіпкердің туыстары мұның барлығы Мұратхан Тоқмәдидің шартты түрде мерзімінен бұрын босауына кедергі жасау және аппеляциялық сатыдағы сотқа қысым жасау мақсатында жасалып жатқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, 2004 жылы 19 желтоқсанда аңшылық кезінде «ТұранӘлем» банкінің 38 жастағы төрағасы Ержан Тәтішев қайтыс болды. Алғашқы кезде оның кездейсоқ жағдайда қаза болғаны туралы айтылған. Алайда кейін оның тапсырыс бойынша, қасақана өлтірілгені белгілі болды. Мұратхан Тоқмәди мұны Мұхтар Әблязовтың тапсырысымен жасағанын мойындаған. Кәсіпкер 2017 жылы ұсталды. Оған дейін ол табысты бизнесмендердің қатарында болған. Ал 2018 жылы сот кезінде ауруханаға жатқызылған ол қашып кетіп, көпшілікті дүрліктірді. Артынша ұсталып, он жыл бес айға сотталды. Ал 2022 жылдың наурыз айында Қазақстан президентінің атына ашықхат жолдап, өзін қинап мойындатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз