Павел Дуров Францияда қамауға алынған соң, Оңтүстік Корея да Telegram жұмысын тексеруге кірісті

Жарияланды
Оңтүстік Корея президенті Юн Сук Ёл Telegram жұмысын тексеріп, онда жарияланатын контентті мұқият бақылауды тапсырған / Фото: kursiv.media

Оңтүстік Корея Telegram жұмысын тексереді. Бұған елдің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпарат себеп болған. Журналистер Telegram чаттарында оңтүстіккореялық әйелдердің жалған суреттері мен бейнелері жиі кездесетінін, тіпті ол жердегі әдепсіз контент көмегімен азаматтардың бопсаланып жатқанын хабарлаған. Бұл жағдайдан соң, ел президенті Юн Сук Ёл цифрлық жыныстық қылмыстарды мұқият тексеруді тапсырған.

«Мұндай контент иелері анонимділікті қорғауға бағытталған технологияны пайдаланады. Бұл анық қылмыстық құқық бұзушылық», – деп мәлімдеген президент Юн.

Ол нақты Telegram туралы айтпаған. Десе де бұл мәселені осы әлеуметтік желіге қатысты  тараған ақпараттан кейін көтерген.

Президент тапсырмасынан кейін, мемлекеттік БАҚ-ты реттеуші орган байланыс стандарттары жөніндегі комиссияның қатысуымен жағымсыз контент таратушылармен күрес жүргізу тақырыбында жиын өткізетінін хабарлаған.

Осы жылдың жеті айында Оңтүстік Корея полициясы дипфейк парақашалардың көмегімен жасалған 297 жыныстық қылмысты тіркеген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 117-ге артық. Қылмыскерлер әлеуметтік желі көмегімен университет студенттерін, сондай-ақ орта және жоғары сынып оқушыларының қатысуымен жалған ақпарат таратып, оларды бопсалап келген. Ал Telegram арналарының көмегімен жасалған жыныстық қылмыстарды зерттеген Hankyoreh газетінің талдауы елде ерекше резонанс тудырған.

Бұдан кейін бірнеше мектеп мұғалімдері  осындай парақшаларда өздерінің оқушылары жайлы жалған ақпарат тарап кеткенін мәлімдеген. Мұндай парақша иелері әскердегі әйелдерді де бопсалаған.

Елдің құқық қорғау органдары азаматтардың ашық фотосуреттерін жариялаумен айналысып, сексуалдық құлдыққа итермелейтін Nth room желісін анықтаған соң, бұл әлеуметтік желінің беделі түсіп кетті. 2020 жылы осы жағдайға қатысты сот жүріп, бұл топтың жетекшісі Чо Джу Бин 40 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол таратқан жалған ақпараттан 74 әйел, оның ішінде 16 жасөспірім қыз зардап шеккен.

Франция мен Оңтүстік Корея елдері Telegram-ды тергеп жатқанда, оның негізін қалаған Павел Дуровты Ресейдің Еуразиялық халықаралық университетінің ректоры Нобель сыйлығына ұсынып жатыр. ЖОО басшысы Константин Клименко Дуровты цифрлы технология дәуірінің көшбасшысы деп атаған.

«Мен Павел Дуровты қоғам қайраткері санаймын. Ол жаңа цифрлық технологиялар дәуірінің көшбасшысы. Менің ойымша, Дуров Нобель сыйлығына әбден лайық», – деп мәлімдеген Клименко тиісті құжаттарды Нобель комитетіне жібергенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз