Анық себебін айта алмаса да, бүгінде көпшілік қоңырауға жауап беруден қашқақтайтынды шығарған. Мессенджерлер бар заманда телефонмен сөйлесуді орынсыз көреді жастар. Тіпті көбінің профайлында аудио хабарлама тыңдамайтыны жазулы тұрады. ВВС агенттігі бүгінгі тілде «Z ұрпақ», «милленниалдар» атанып кеткен жастардың қоңыраудан неге қашатынын өзінше тарқатыпты.
Бүгінде авто жауап көп қолданылатын елдерде «Сәлем, қазір қоңырауға жауап бере алмаймын. Бірақ сіз де аудио хабарлама жазбаңыз, оны бәрібір тыңдамаймын» деген жазба жиі естіледі екен. Кейінгі зерттеулерде 18-34 жас аралығындағы азаматтардың қоңырауға мүлде жауап бермейтіні анықталған. Респонденттер хат жазысқанды жөн көретінін, танымайтын нөмірді интернеттен іздеп, алдын ала біліп алатынын айтқан.
18-34 жас аралығындағы 2000 жасты қамтыған Uswitch сауалнамасы жауап бергендердің 70 пайызы телефонмен сөйлескеннен гөрі хат жазысқанды таңдайтынын анықтаған.
Бір кездері телефонмен сөйлесу үшін шақырымдарды артқа тастап поштаға баратын, таксофон карталарын сатып алып, кезек күтетін уақыттан қоңыраудан қашатын күнге қалай жеттік.
Психолог кеңесші доктор Елена Турони бұл жерде жастарды кінәлайтын себеп жоғын алға тартады. Психологтың айтуынша, жаңа ұрпақтың телефонмен сөйлесу әдеті қалыптаспаған. Сондықтан одан қашқақтауы орынды. Жоғарыда атап өткен Uswitch сауалнамасына қатысқандардың көбі телефоны «шырылдаса» жаман хабар күтетінін де жасырмаған.
Психиотерапевт Элоиза Скиннер жаман хабар туралы үрейдің де өзіндік себебі барын айтты.
«Қазір адамдардың бір-бірімен хабарласуына уақыт жоқ. Қал сұрасу сиреп кетті. Сондықтан аяқ астынан телефон шалса аса маңызды немесе қайғылы жағдай күту қалыпты», – дейді маман.
Бейтаныс нөмірге жауап бермеу әдеті қалыптасқаны рас. Сондықтан бұрын-сонды байланыспаған адамға әуелі өзіңізді таныстырып хабарлама жолдап, рұқсат алу – дижитал мәдениетке айналды. Оның үстіне алаяқтар мен жарнама қаптаған заманда бұл қалауға қарағанда қауіпсіздік шарасы деуге болады. Сауалнамаға қатысқан 2, жастағы Джек Лоңли де «Келіп тұрған қоңырауға жауап беріп, алаяқ емесін анықтағаннан мүлде жауап бермеген оңай» дейді.
Қоңыраулардың сиреуін қатынастың үзілуімен байланыстыруға болмас. Өйткені WhatsApp, Telegram, Instagram мен Snapchat сияқты әлеуметтік желілер видео хабарламалар арқылы байланысуға мүмкіндік береді.
Генри Нельсон-Кейс есімді 31 жастағы заңгер милленниалдар өмірі туралы видеолар түсіреді. Онда жеке шекарасын қорғауға тырысқан, қоңырауға жауап бергісі келмеген қызметкердің өмірін көруге болады. Бұған қатысты доктор Турони «Телефонмен сөйлесу қарсы тараппен жақындықты талап етеді. Қоңырау кезінде сұраққа бірден жауап беру деген қысым бар. Бүгінде жеке шекарасы мен эмоционал күйіне аса назар аударатын жастар мұндайды ұнатпайды» дейді.
Ал 64 жастағы кәсіпкер Джеймс Холтон бұл тенденцияға тіпті таңырқап қарайды. Қоластындағы жас қызметкерлер ешқашан қоңырауға жауап бермейтінін айтады. «Қай-қайсысының да жауабы дайын. “Телефоным дыбыссыз режімде тұр, естімедім» дей салатындар көп. Кейбірі менің нөмірімнен қоңырау қабылдамайтындай етіп қойған. Сондықтан бәріне хат жазып отыруға тура келеді”, – дейді жұмыс беруші. Джеймс Холтон жастармен арадағы «бос кеңістікті» байқағаннан кейін жастардың ығына жығылуға тура келгенін айтады. «Қызметкерлерімнің таңдауы хат алмасу болса, құрметпен қарап, сол ережеге бағынуым керек», – дейді ол.
Тенденция дегенімен, таяқтың екі ұшы барын ұмытпайық. Қоңырауға жауап беруден бас тарту тосыннан сөз сөйлеу, күтпеген сұраққа жауап бере алу сияқты қабілеттерді ұмытуға алып келмей ме? Психиотерапевт Элоиза Скиннер бір-бірімен вербал сөйлесу – адамзат үшін маңызды нәрсе екенін алға тартады. «Бұл тенденция жалғаса берсе, жақындық пен байланыс сезімінен ажырауымыз мүмкін. Вербал байланыс кезінде ғана эмоционал жақындық, бірігу сияқты сезімдерді сезіне аламыз. Бұл адамға қанағаттану сезімін алып келеді», – дейді маман.