Белгісіз біреу Aport Mall сауда орталығын «бомба орнатты». Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің поштасына сауда орталығына қойылған жарылғыш зат туралы хабарлама келіп түсті. Ғимараттан 3,5 мыңнан астам адам дереу эвакуацияланды.
«Сағат 15:45-те Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне жарылғыш зат туралы жасырын хабарлама келіп түсті. Ғимараттағы 3,5 мыңнан астам адам дереу эвакуацияланды. Оқиға орнына саперлар, кинологтар және басқа да мамандар барып, барлық үй-жайларды тексерді. Тексеру 19:20-да аяқталды, ақпарат расталмады», – деп хабарлады Алматы облысының полиция департаментінен.
Террорлық акт туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Анонимді тұлғаны анықтауға және ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары кешені жүргізілуде», – делінген департамент ақпаратында.
19 сәуір таңертең желіде Астана қаласының мектептерінде террорлық шабуыл болатыны туралы ақпарат тараған. Онда бірнеше мектепке шабуыл жасау және бірнеше оқу орнына бомба қойылғаны туралы мәліметтер болған.
«Telegram-да қала мектептерінде терроризм қаупі туралы кең таралған жарияланым шындыққа жанаспайды», – деп ескертті полиция департаменті.