Халықтың долларға деген сұранысы төмендеді: бір жылда сатып алу көлемі екі есе азайған
Шілдеде қазақстандықтар айырбастау пунктерінен 97,3 млрд теңгеге доллар сатып алды. Ұлттық банктің статистикалық мәліметтеріне сай бұл көрсеткіш өткен аймен салыстырғанда 1,5 есе (147,3 млрд теңге) және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (194,1 млрд теңге) 2 есе аз. Долларға деген сұраныс азайды.
Ақша айырбастау пунктері халыққа 95,6 миллиард теңгенің долларын сатқан 2023 жылдың маусымынан бері көрсеткіш мұншалықты төмен болған жоқ. 2023 жылдың сәуірінде бұдан да төмен көрсеткіш байқалды (73,2 млрд теңге).
Алайда өткен жаздан бастап долларды сатып алу көлемі өсуде және 2023 жылдың желтоқсанында 237,8 млрд теңгені құрады. Қаңтарда бұл көрсеткіштер айтарлықтай жоғары – 190 млрд теңге болды. Одан кейін төмендеді, яки ақпан-маусым айларында 145-тен 158 млрд теңге аралығында болды.
Халықтың еуро мен юаньді сатып алуы да айтарлықтай төмендеді. Шілдеде қазақстандықтар 10,2 млрд теңгеге еуро сатып алды, бұл маусыммен салыстырғанда (20,8 млрд теңге) 2 есе аз. Юань сатып алу көлемі бір ай бұрынғы 276 миллион теңгемен салыстырғанда 5,1 миллион теңгені құрады. Халық арасында сұраныс өскен жалғыз валюта британдық фунт болды: бұған дейінгі 500 миллионға қарағанда, 606 миллион теңгеге жетті.
Рубль халық сатып алмаған, бірақ жаппай сатқан жалғыз валютаға айналды: шілдеде жеке және заңды тұлғалар 9,5 миллиард теңге сомаға рубль айырбастаса, бір ай бұрын сату көлемі 8,6 миллиард теңгені құрады.
Бүгінде доллар 480,59 теңгемен сатылса, бір жыл бұрын 460,17 теңге болған. Еуроны 536,58 теңгеге сатып алуға болады, 2023 жылдың тамызында 496,48 теңге болды. Қытай юані 67,44 теңгеден сатылып жатыр, бір жыл бұрын оның бағасы 63,12 теңге болған. Ресей рублінің құны бір жылда 5,26 теңгеден 4,89 теңгеге дейін төмендеді.