Дуров «бостандыққа шыққаны» туралы хабардан кейін, Toncoin криптовалютасының құны күрт өсті

Жарияланды (жаңартылды )
Дуров сот алдында жауап беруі мүмкін/ фото: Instagram / durov

Telegram мессенджерімен байланысты Toncoin криптовалютасының құны 7%-дан астамға қымбаттады. 24 тамызда Парижде ұсталған мессенджердің негізін қалаушы Павел Дуровтың босатылғаны туралы қате ақпараттан кейін валюта құны көтерілді. Оған француз телеарнасының қате түсіндірілген жаңалығы себеп болды – судья әлі кәсіпкердің тағдыры туралы шешім қабылдаған жоқ.

28 тамыз күні BFMTV арнасы Франция құқық қорғау органдары Павел Дуровты қамаудан босатқанын жариялаған еді. Дегенмен оны бостандыққа шықты деуге әлі ерте екені белгілі болды. BBC күдіктінің алғашқы сұрақтарға жауап бергенін, енді Дуровтың тағдырын судьялар шешетінін жазды. CNN француз прокурорлары миллиардерді алдын ала тергеу күтіп тұрғанын, сот алдында жауап беруі мүмкін екені туралы ақпарат жариялады.

24 тамыз күні кешке Ле Бурже әуежайына жеке ұшағымен қонған Дуровты полиция бірден тұтқындады. Оны абақтыда 28 тамызға дейін ұстады.

Дуров тұтқындалған соң, Telegram арнасының заңға қайшы әрекетін Үндістан мен Оңтүстік Корея да тексеруге шешім қабылдады.

Telegram иесіне 12 бап бойынша айып тағылып отыр. Bloomberg ақпаратынша, Дуровты тұтқындауға балиғатқа толмаған балаларға зорлық-зомбылықты қарсы үкіметтік орган – OFMIN ордер беріпті. Бұл орган 2023 жылы құрылған. OFMIN бас хатшысы Жан-Мишель Берниго LinkedIn тарақшасында «Telegram тарапынан бұл қылмыстық істер, әсіресе, балаларға қарсы жасалған қылмыс бойынша «ынтымақтастық және модерация» болмағанын жазған.

Париж сотына жеткізілген Дуровқа ресми түрде қандай айып тағылатыны белгісіз. Ақпарат құралдары оның ағасына іздеу жарияланғанын жазды. Николай екеуі 2013 жылы Telegram-ды іске қосқан.

Сондай-ақ оқыңыз