Маңғыстау прокурорлары өңірдегі бірнеше балабақшаға 100 млн теңгеден астам айыппұл салды. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде бірқатар заң талаптары өрескел бұзылған.
Өңірдегі балабақшаларда санитарлық нормалар, өрт қауіпсіздігі, еңбек заңнамасы, білім беру және медициналық қызмет көрсету бағытында заң бұзушылықтар болған. Мемлекет бюджетіне айтарлықтай шығын әкелген балабақшалар да бар.
«Қазір аяқталған тексерулер бойынша 600-ге жуық әкімшілік іс қозғалып, жалпы көлемі 100 млн теңгеден аса айыппұл салынды. Сондай-ақ тексеру нәтижесімен 15 балабақшадан (3 мемлекеттік, 12 жекеменшік балабақша) 72,2 млн теңгеге мемлекетке залал келтіру дерегі анықталды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Мәселен, 12 жекеменшік балабақша келмеген балалар үшін мемлекеттен 47 млн теңге көлемінде негізсіз қаражат алған. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Бұдан бөлек, 3 мемлекеттік балабақшаның есепшілері 25 млн теңгеге көлемінде бюджет қаржысын жымқырған. Мемлекет қаржысына қол салған есепшілерге де ҚК-тің 189-бабымен (жымқыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Алматы облысының білім саласында істейтін қызметкерлер жалған шарттар жасап, бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталған болатын. Олардың алтауы «Алматы облысының білім басқармасы» Мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғалары.