Жаңалықтар

Google нейрондық желі арқылы адамдардың суреттерін жасау функциясын қайтадан іске қосады

Фото: REUTERS/Steve Marcus/File Photo

Google алты айдан кейін Gemini жасанды интеллекті арқылы адамдардың суреттерін жасау функциясын іске қосады. Бұл функция пайдаланушылардың «нәсілді дәлдеп бере алмайды» деген шағымдарынан кейін өшірілген-ді. Атап айтқанда, чат-бот ақ нәсілді адамдарды салудан бас тартқан. Бұл жағдай инвесторларды алаңдатып қойды. Өйткені олар бұлай жалғаса берсе Google ЖИ «жарысында» көш соңында қалып, оның жарнамалық кірісі төмендейді деп қорықты.

Толығырақ

Google алдағы күндері Advanced, Business және Enterprise ақылы жазылымдарын қосқан пайдаланушыларға Gemini жасанды интеллекті арқылы адамдардың суреттерін жасауға біртіндеп қол жеткізе алады, деп хабарлады. Бастапқыда функция тек ағылшын тілінде жұмыс істейді. Google өнімді «техникалық жетілдірумен» айналысып, «адамдардың суреттерін жасауда айтарлықтай прогреске қол жеткізді».

«Біз фотореалистік, танымал портреттердің, кәмелетке толмағандардың бейнелерінің немесе қанды, қатыгез әрі сексуалдық көріністердің генерациясын қолдамаймыз. Әрине, кез келген генеративті жасанды интеллект құралдары сияқты Gemini жасаған суреттер де аса сәтті бола бермейді. Бірақ біз пікірлерге құлақ асып, технологияны жетілдіре береміз», – деп хабарлады компания.

Google адамдардың суретін жасауда нені дұрыс істемеді

Ақпан айында «адамдардың суреттерін жасауға арналған ЖИ функциясы «бірнеше апта» қолжетімді болмайды» деп мәлімдегеннен кейін Google-дің холдингтік компаниясы – Alphabet-тің акциялары бір күнде 4%-ға төмендеді. Gemini пайдаланушылары Google-дің алгоритмі ақ нәсілді адамдарды салудан бас тартатынын байқаған. Мысалы, ЖИ «1943 жылғы неміс солдатын» салу туралы тапсырманы жедел орындағанымен, немістің әскери формасындағы түрлі-түсті реңктегі адамдардың бірнеше суретін көрсеткен, деп жазды The New York Times. Google сынды қабылдап, функцияны өшіріп тастады.

Компанияның бас директоры Сундар Пичаи Google ЖИ-інің «кейбір жауаптары» пайдаланушылардың көңіліне кірбің түсіргенін және біржақтылық танытқанын» мойындады. Пичаи мұның «дұрыс еместігін» алға тартып, мәселені шешуге уәде берді.

Акциялардың жайы

Alphabet инвесторлары чат-боттағы қателіктерден кейін компания ЖИ-ді дамыту жарысында компания көш соңында қалады деп қорыққан. Google негізгі кірісті іздеу жүйесіндегі жарнамадан алып отыр. Егер әлдекім жаңа іздеу жүйесін құрса Google-дің кірісі төмендеуі мүмкін, деп түсіндірді сол кезде сарапшылар.

Алты ай өтсе де инвесторлар Alphabet-тің жасанды интеллект шығындары өзін-өзі ақтайтынына әлі де сенімді емес. Кіріс пен пайдаға қатысты болжамдардан асып түссе де, компания акциялары шілдеде тоқсандық есеп жарияланғаннан кейін құлдырады. Google ЖИ-ге қаржы салу қажетті дүние екеніне сендіре алмады. Бұл ретте Meta-дан үйренетін дүние көп. Meta өзінің негізгі кіріс көзі – онлайн жарнаманың тиімділігін арттыру үшін ЖИ-ді пайдаланып отыр, деп жазды Bloomberg.

A класындағы Alphabet акциялары 28 тамыздағы сауда-саттықта 1,9%-ға – 161,53 долларға дейін арзандады. Бұл 2024 жылдың басындағы көрсеткіштен 15,6%-ға көп. Сарапшылардың көбі қағаздарды сатып алуға кеңес береді: 42 Buy және тоғыз Overweight («нарықтан жоғары») рейтингі бар, деп хабарлады FactSet. Тағы 12 сарапшы қағаздарды ұстауды ұсынып отыр (Hold рейтингі). Акцияны сатып жіберу туралы ұсыныстар айтылған жоқ.