Гүлмира Сатыбалды 12 жылға бас бостандығынан айырылды
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы келіні Гүлмира Сатыбалдыға сот үкімі шықты.
Сатыбалды мүлкі тәркіленіп, 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ол Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (бас бостандығынан заңсыз айыру), 389-бабы 4-бөлігі (өзінше билік ету), 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (қорқытып алу) бойынша жауапқа тартылған. Бұл аса ауыр қылмыстар қатарына кіреді.
Жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы Сатыбалдыны 13 жылға соттауды сұраған.
Ал оның көлік жүргізушісі болған Мәди Батырашев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (бас бостандығынан заңсыз айыру) бойынша айыпталды.
Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі.
Гүлмира Сатыбалды мен Мәди Батыршаевқа Сатыбалдының күйеу баласы әрі бизнес-серіктесі Абай Жүнісовті 165 күн қамауда ұстады деген айып тағылған.
Сот барысында Жүнісовтің 165 тәулік қамауда болғаны, сол уақытта сотталушы Сатыбалдының қорқытып алу арқылы жәбірленушінің және оның жақын туыстарының ақшалай қаражаты мен мүлкін иемденгені анықталды. Ол әрекетінен 217,9 млн теңге материалдық шығын келтірген.
Сонымен қатар Сатыбалды жәбірленушіні өзімен аффилиирленген үшінші тұлғаларға мүлік және жарияланған акцияларға құқығын қайта тіркеуге мәжбүрлеп, 1,2 млрд теңге материалдық залал келтірген.
Осылайша сот үкімімен Гүлмира Сатыбалды 12 жылға бас бостандығынан айырылды, Батырашев 9 жылға сотталды.
Сот үкіміне сәйкес Сатыбалды жәбірленуші Жүнісовке 2,6 млрд теңге материалдық шығын, 10 млн теңге моральдық шығын төлейді.
Іс бойынша жәбірленуші Қасым және Алтай Жүнісовтің азаматтық талап арызы негізінде Сатыбалды оларға 233 млн және 109 млн теңге материалдық шығын төлейді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.