Жаңалықтар

Орталық Азия және Моңғолия елдерінің ең қымбат компаниялар тізімі. ТОП 20

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Компаниялардың капитализациясы — бұл компанияның нарықтағы жалпы құнын көрсететін көрсеткіш. Әдетте капитализацияны есептеу үшін компанияның акцияларының саны мен олардың нарықтық бағасын көбейту әдісі қолданылады. Мысалы, егер компанияның 1 миллион акциясы бар болса және әр акцияның нарықтық бағасы 100 доллар болса, онда компанияның капитализациясы 100 миллион долларды құрайды.

Капитализация компанияның қаржылық тұрақтылығын, нарықтағы орны мен әлеуетін бағалауға көмектеседі. Сонымен қатар инвесторларға компанияның жалпы құнын түсінуге және оны басқа компаниялармен салыстыруға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы ең қымбат компаниялар тізімі. ТОП-20

Қазақстанда соңғы жылдары мемлекеттік сектордан бөлек, жекеменшік иелігіндегі компаниялар көбірек IPO-ға шығып, нарықтық бағада саудалануда. Төменде Қазақстан қор биржасында листингтен өткен нарықтық капитализация бойынша ең қымбат 20 компаниялар. Бұл тізімде компаниялардың басым бөлігі банк секторы, тау-кен және мұнай-газ  саласында екені байқалады. Одан бөлек байланыс, әуе компаниясы тіркелген. Ашық нарықта листингте өткен компаниялар  әртүрлі салада қалыптасу арқылы компаниялар нарығын әртараптанған кең ауқымды деп айта аламыз. Тізімде 20 компанияның ішінде алғашқы 9 компанияның капитализациясы 1 млрд доллардан жоғары болса, қалған 11 компанияның капитализациясы 165,8-901,3 млн доллар арасында қалыптасты (23.08.2024 жылдың жағдайы бойынша).

Орталық Азия және Моңғолия елдерінің ең  қымбат компаниялары. ТОП-20

Орталық Азия және Моңғолия елдерінің қор биржаларында саудаланатын нарықтық компаниялардың капитализациясы бойынша ең қымбат 20 компанияның тізімін жасадық. Биылғы жылдың 22 тамызындағы жағдай бойынша тізімге Қазақстан, Өзбекстан және Моңғолия кірді. Қырғызстан компанияларының нарықтық құны төмен болғандықтан, бұл тізімге кірмеген болса, Тәжікстан мен Түркіменстан компаниялары қор биржаларында саудаланбайды.

Бұл тізімге Қазақстанның 15, Өзбекстанның 3 және Моңғолияның 2 компаниясы кірді. Үш елге тиісілі 20 компанияның жалпы құны -72,6 млрд долларға дейін өсті.

Өңірдегі көрсеткіш

Компания капитализациясы бойынша Ресейде ең қымбат компания-Sber. Нарықтық құны 61,6 млрд долларға жетіп, «Газпромның» алдына шықты. Өңірдегі екінші компания Қазақстандық Kaspi 25,2 млрд, Грузияның Bank of Georgia компаниясы 2,9 млрд доллармен үштікті жапты. Көрші Өзбекстанның флагманы UzAuto-ның нарықтық құны  1,4 млрд долларға жетті. Моңғолияның әйгілі Mongolian Mining corporation капитализациясы 986 млн долларға жетіп, миллиардтық компанияға айналуға  сәл қалды. Қырғызстандағы компаниялар ішінен Манас әуежайының бағасы өзгелерден жоғары болып, 260 млн долларға бағаланып отыр. Әзірбайжан елінің ұлттық әрі алып компаниясы Socar IPO-ға шықпауына байланысты, оның орнын 704 млн доллармен банк секторының көбасшысы Баку халықаралық банкі басты.

Қор биржаларында саудаланатын компаниялардың артықшылығы неде?

Компаниялардың саудалануы немесе биржада листинг жасау экономикаға бірнеше маңызды жолмен әсер етеді:

1. Қаржылық ресурстарды тарту

Капиталдың жинақталуы: Компаниялар биржаға шыққанда, жаңа капитал тарту мүмкіндігіне ие болады. Бұл капиталды бизнеске инвестициялау, жаңа жобаларды іске асыру немесе қарыздарды төлеу үшін пайдалануға болады.

Қаржылық тұрақтылық: Компаниялар жаңа капиталды тарту арқылы қаржылық тұрақтылықты арттырады, бұл экономикаға оң әсер етеді.

2. Инвестициялық мүмкіндіктер

Инвесторларға қолжетімділік: Биржада саудаланатын компаниялардың акциялары инвесторларға қолжетімді болады, бұл жеке және институционалдық инвесторларға өз капиталына пайда табуға мүмкіндік береді.

Қаржылық нарықтардың дамуы: Қоғамдық компаниялардың көп болуы қаржылық нарықтардың тереңдігін арттырады, бұл инвесторларға түрлі инвестициялық құралдар мен мүмкіндіктер ұсынады.

3. Экономикалық өсу

Бизнес өсуі: Биржаға шыққан компаниялар өздерінің өсу стратегияларын жүзеге асыра алады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруды, өндірісті кеңейтуді және жалпы экономикалық белсенділікті арттыруды білдіреді.

Инновациялар: Жаңа капитал мен инвестициялар компанияларға зерттеу мен дамытуға мүмкіндік береді, бұл жаңа технологиялар мен инновацияларды тудырады, әрі экономиканың дамуына ықпал етеді.

4. Корпоративтік басқару мен есептілік

Құқықтық және есептілік талаптары. Биржада листинг жасайтын компаниялар қатаң қаржылық есептілік пен корпоративтік басқару стандарттарына бағынады. Бұл инвестициялық нарықтың ашықтығын және сенімділігін арттырады.

Инвесторлардың қорғанысы: Қатаң реттеу мен ашық есептілік инвесторларды алаяқтық пен манипуляциядан қорғауға көмектеседі.

5. Нарықтық тиімділік

Акциялар мен бағалардың белгіленуі. Биржадағы сауда компаниялардың нарықтық құнын объективті түрде бағалауға мүмкіндік береді. Бұл нарықтық тиімділікті арттырады және экономикалық ресурстарды тиімді бөлуге көмектеседі.

Қаржы нарықтарының өтімділігі. Қоғамдық компаниялар нарыққа қосылу арқылы қаржы нарықтарының өтімділігін арттырады, бұл инвесторлар мен бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер мен таңдауларды ұсынады.

6. Қоғамдық сенімділік пен имидж

Компанияның танымалдығы. Биржада тізімделген компаниялар әдетте жоғары қоғамдық сенімділікке ие болады. Бұл компаниялардың өнімдері мен қызметтеріне сұраныстың артуына әкелуі мүмкін.

Экономикалық тұрақтылық. Қоғамдық компаниялардың санының көбеюі нарықтық экономиканың тұрақтылығын және әртүрлілігін арттырады.

Компаниялардың биржада саудалануы, оның ішінде капиталдың бөлінуін жақсарту, экономикалық өсу мен жұмыс орындарын құруды ынталандыру, және нарықтық тиімділікті арттыру арқылы экономикаға жалпы әсерін тигізеді.