Nvidia чиптерінің сатылымы өскеніне қарамастан, компания акцияларының құны төмендеуде
Жасанды интеллект (AI) чиптерін шығаратын Nvidia компаниясының үш айдағы чиптерінің сатылымы екі есе өсіп, рекордтық 30 млрд долларға жеткен. Дегенмен компания акцияларының сатылымы 6% төмендеген.
Компания жасанды интеллект танымалдығы кезінде өз ауқымын кеңейтіп, акцияларының нарықтық құны 3 трлн доллардан асқан еді. 2024 жылдың өзінде компанияның акциялары 160% өскен. Бірақ та тамызда акция құны күрт құлдырай бастады.
Тамыз айында пайда күрт өсіп, операциялық кіріс 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 174% өсіп, 18,6 млрд долларды құрады.
BBC-ге пікір білдірген Форрестер аға талдаушысы Элвин Нгуеннің айтуынша, осы кезге дейін компания жасанды интеллект саласының бет-бейнесі болып келген. Осы уақытқа дейін бұл компанияның өсіміне әсер еткен. Алайда миллиардтаған доллар инвестицияға қарамастан, жасанды интеллект екі жыл бұрынғы даму деңгейінде тұруы, яғни инвестициялардың нәтижесі көрінбеуі, компания құнына теріс әсер еткен.
«Жасанды интеллектіні қолданудың мыңдаған нұсқалары жеткіліксіз. Әлемге миллион нұсқа керек», – дейді Нгуен.
Оның айтуынша, Nvidia-ның бәсекелесі Intel секілді компаниялар жақсырақ өнім әзірлесе, жасанды интеллект нарығындағы көшбасшы орынды тартып ала алады.
Айта кетейік, Nvidia Қазақстанның оқу орындарында қазақ тілінде жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламаларын іске қоспақ. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі компаниямен осындай келісімге келген.