Банк пен қаржы

Air Astana басқарма мүшелеріне төленетін сыйақының көлемі қанша? Әуе компаниясы бұл ақпаратты алғаш рет жариялады

Сыйақы мөлшері өткен жылдағы таза пайданың 1,3%-ын қамтиды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Air Astana 2023 жылға сыйақы ретінде басқарма мүшелеріне 404,7 млн теңге төледі. Тасымалдаушы 2024 жылдың ақпан айындағы листингтен кейін мұндай ақпаратты алғаш рет жария етті. Бұл туралы компания Қазақстан қор биржасына (KASE) хабарлады.

Атқарушы орган мүшелерінің жалақысы мен сыйақысын қамтитын сыйақы көлемі өткен жылдағы таза пайданың 1,3%-ын (30,7 млрд теңге) құрады.

Air Astana басқарма мүшелері құрамында қазір сегіз адам бар. Бірақ олардың барлығы өткен жылы атқарушы органда болғаны белгісіз. Әуе компаниясының басшысы – Питер Фостер, қаржы директоры –  Ибрахим Жанлыел, өндіріс директоры – Филиппос Сиаккас, қауіпсіздік стандарттары жөніндегі директоры – Герхард Коетци, адам ресурстары жөніндегі директоры – Евгения Ни, үкіметпен байланыс жөніндегі директоры – Ердәулет Шәмшиев , корпоративтік коммуникациялар жөніндегі вице-президенті Белла Тормышева, Fly Arystan (еншілес компания) басшысы – Адриан Хэмильтон-Маннс.

Әуе компаниясы жылдық есебінде тәуелсіз директорлар мен атқарушы органға сыйақының жалпы сомасы 1,2 млн доллар (Ұлттық банктің 2023 жылға арналған орташа бағамы бойынша 524,8 млн теңге) болғаны көрсетілген. Осылайша, тәуелсіз директорлар 120,1 млн теңге алған. Қазіргі уақытта бұл қызметте бес адам бар – Елдар Әбдіразақов, Хэкман ДжанетКит ГэбелГарри Кингшотт және Дияс Асанов.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Air Astana-ның кірісі 13%-ға артты, бірақ компания таза пайдасы туралы мәлімет бермеді.

Ақпан айында тасымалдаушы IPO өткізіп, нәтижесінде 120 млн доллар тартты. Қазіргі кезде акциялардың 41%-ы – «Самұрық-Қазына» қорына, 24,6%-ы – еркін айналымда, 16,95%-ы – британдық BAE Systems-ке, 6,51%-ы БЖЗҚ-ға тиесілі.