Forbes журналы әлемнің ең табысты 10 теннисшісінің тізімін жариялады. Биыл бұл тізімнен қазақстандық теннисші Елена Рыбакина көрінбеді.
Ақпаратқа сүйінсек, бұл тізімде 21 жастағы Карлос Алькарас көш бастап тұр. Ол 42,3 млн доллар табыс тауып, теннистегі ең көп табыс тапқан спортшылардың қатарына қосылды.
Карлос Алькарас (42,3 млн доллар)
Испандық Карлос Алькарас жас болғанымен, өзінің спорттық мансабында керемет нәтижелер көрсетіп келеді. Қазірдің өзінде оны Рафаэль Надальмен салыстырады, әсіресе, Алькарас осы жылдың маусым айында «Ролан Гаррос» турнирін жеңіп, Надальдың ізбасары ретінде танылды. Сондай-ақ ол Netflix компаниясы жоспарлаған деректі фильмнің басты кейіпкеріне айналды. Алькарас өзінің табысын тек кортта ғана емес, сонымен қатар жарнамалық келісім-шарттар арқылы да көтерді. Оның корттағы табысы 10,3 млн доллар, ал корттан тыс табысы 32 млн долларды құрайды.
Новак Джокович (37,2 млн доллар)
Сербияның теннис жұлдызы Новак Джокович 2023 жылы рекорд орнатып, сегізінші рет әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Париждегі Олимпиадада алтын медаль алып, өз мемлекетінен 218 000 доллар сыйақыға ие болды. Джокович тек спортпен ғана емес, сонымен бірге бірқатар бизнес жобалармен де айналысады. Мысалы, ол Waterdrop компаниясымен бірге жаңа өнімдерді іске қосты және түрлі брендтердің жарнамасына түседі.
Кори «Коко» Гауфф (27,1 млн доллар)
Америкалық Коко Гауфф US Open турниріндегі жеңісімен және «Ролан Гаррос» жұптық сайысындағы табыстарымен маркетологтардың назарын аударды. Гауфф небәрі 20 жасында спорт әлемінде танымал жұлдызға айналды. Ол 11 түрлі демеушілермен ұзақмерзімді келісімшартқа қол қойып, табысты спортшылардың бірі атанды.
Ига Швентек (26,7 млн доллар)
Польша өкілі Ига Швентек өзінің төртінші «Ролан Гаррос» жеңісін тойлап, Париждегі Олимпиадада қола медаль алды. Ол корттағы табыстары арқылы және түрлі брендтермен серіктестік орнату арқылы өз есімін әлемдік деңгейге көтерді.
Янник Синнер (26,6 млн доллар)
Италиялық Янник Синнер биылғы жылы қиындықтарға қарамастан, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Аустралиядағы «Үлкен дулыға» турнирінде жеңіске жетіп, жаңа биіктерге көтерілді. Сондай-ақ Синнердің әлемдік Gucci, Lavazza және Rolex секілді брендтермен келісімшарттары бар.
Рафаэль Надаль (23,3 млн доллар)
Испанияның аңызға айналған теннисшісі Рафаэль Надаль жақын арада спорттық мансабын аяқтауы мүмкін. Алайда оның теннис алаңдарынан тыс бизнес серіктестіктері мен жобалары табысты түрде жалғасып жатыр. Ол ұзақмерзімді серіктестермен жұмысын жалғастырып, өз есімін бизнес әлемінде де сақтап келеді. Жақында ол Kia компаниясымен серіктес болғанына 20 жылдығын атап өтті. Сондай-ақ Федерермен бірге Louis Vuitton жарнамаларына түседі. Сонымен қатар жұлдызды ойыншы Сауд Арабиясы Теннис Федерациясының елшісі болды. Бұл араб жанкүйерлердің наразылығын тудырды, бірақ кейбір мәліметтерге сәйкес, бұл серіктестік жақсы табыс әкеледі.
Даниил Медведев (20,3 млн доллар)
Ресейлік теннисші Даниил Медведев 2021 жылғы US Open турниріндегі жеңісінен бері спорттық мансабында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ол тек спортта ғана емес, сонымен қатар киберспорт пен ойын индустриясында да өз орнын тауып, танымал брендтермен серіктестік орнатты.
Наоми Осака (14,6 млн доллар)
Жапония өкілі Наоми Осака ұзақ үзілістен кейін тенниске қайта оралып, жаңа демеушілердің назарын аударды. Оның әлеуметтік желілердегі белсенділігі мен танымалдылығы оны көптеген брендтердің бет-бейнесіне айналдырды. Олардың ішінде Etsy, Maybelline, Meta AI және ZICO Coconut Water бар.
Каспер Рууд (13,9 млн доллар)
Норвегиялық Каспер Рууд өзінің табысты теннис мансабын жалғастырып, көптеген жаңа келісімшартқа қол жеткізді. Ол спорттық қабілеттерімен ғана емес, бизнес серіктестіктерімен де танымал болды.
Арина Соболенко (13,7 млн доллар)
Белоруссиялық Арина Соболенко биылғы маусымда өз табысын арттырып, жаңа келісімшарттар жасады. Жақында Соболенко Oakberry спорттық тағамдар мейрамханалары желісімен және Master & Dynamic құлаққап өндірушісімен келісімшартқа отырды.
Бұл спортшылар тек корттағы шеберліктерімен ғана емес, сонымен қатар қаржылық жетістіктерімен де танымал. Әлемдегі ең үздік теннисшілер жаңа келісімшарттар жасап, бизнес саласында да өздерін табысты көрсетіп келеді.
Айта кетейік, биыл бұл тізімге қазақстандық теннисші Елена Рыбакина енбей қалды. Биылғы жыл Рыбакина үшін сәтсіз болды. Жарақаттарына байланысты бірқатар турнирден бас тартты. Сондай-ақ жақында әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина жеке бапкері Стефано Вуковпен келісімшарты тоқтатылғанын хабарлады.