Қазақстан мен Оңтүстік Корея 10 млн долларға сирек металдар орталығын ашады
Қазақстан мен Оңтүстік Корея сирек кездесетін металдар мен технологиялар ғылыми орталығын ашпақ. Сәтбаев университетінің Металлургия және байыту институты мен Кореяның өнеркәсіптік технологиялар институты (Korea Institute of Industrial Technology) ғылым және технология саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, жоба бес жылға жоспарланып отыр. Ал оның бюджеті 10 миллион доллардан асады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл жобаны қадағалап, оны жүзеге асыруға қолдау көрсететінін айтты.
«Бұл ірі жобаның ең басты бағыты – сирек металдарды корейлік материалдар мен бөлшектерді өндіру технологияларымен үйлестіре отырып, қазақстандық әзірлемелерді коммерцияландыру. Орталық екі елдің дамуы мен өркендеуіне септігін тигізетін озық тәжірибелер мен технологияларды әзірлейтін орынға айналады», – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы іргесіндегі Ядролық физика институтының жанынан Оңтүстік Кореяның KAIST озық ғылым және технологиялар институтының филиалы ашылатыны туралы жазған едік.
Министр KAIST университеті оқыту бағдарламаларын тегін беретінін айтты. Сондай-ақ Оңтүстік Кореяның тағы бір университетінің филиалы Түркістанда ашылады. Саясат Нұрбек WOOSONG университетін ашу үшін 1,2 гектарды құрайтын жер телімі тегін берілетін де айтты.