Спортқа бөлінген ақша айналымын ашық көрсететін «Е-SPORT» цифрлық платформасы іске қосылады. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған жиында айтты.
Министрдің айтуынша, бұл жоба 2020 жылы қолға алынған. Бірақ әртүрлі себептермен жұмысы тоқтап қалған еді. Бұл бағдарлама іске қосылса, спорт саласындағы жұмыстар, оның ішінде ақша айналымы ашық көрінеді.
«Аталған платформада біріккен спорттық классификация, спорттық күнтізбе, спортшылардың, жаттықтырушылар мен төрешілердің біріккен электрондық базасы сынды спортқа қатысты басты құжаттар сақталады» – делінген ресми хабарламада.
Cонымен қатар министр мемлекет қаржыландыратын спорт түрлерінің қысқаратыны туралы айтты.
2027 жылға дейін мемлекет қаржыландыратын спорт түрлерін 60-қа дейін қысқарту көзделіп отыр. Бұл мәселе арнайы заң жобасында да қарастырылған және жыл соңына дейін қабылдануы қажет, – деді.
Министрдің айтуынша, ресми тіркелген спорттық бағыттар ел қазынасына салмақ салмауы қажет. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде 182 спорт түрі бар, олардың барлығына бюджеттен жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінеді.
Еске сала кетейік, Олимпиада қарсаңында Туризм және спорт министрлігінің өкілдері Ұлттық құраманы дайындау мен Парижге апаруға жұмсалған қаржы көлемін жария еткен болатын.
«Ұлттық құраманы дайындауға және оның Олимпиада ойындарына қатысуына шамамен 980 миллион теңге жұмсалды«, – деген еді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
Ал «Спорт пен туризм индустриясын» қолдау қоры 2023 жылы 29 140 720 мың теңге жұмсағанын хабарлады. Қордың құрылтайшылары – «ҚР Ұлттық олимпиада комитеті» ҚБ мен «Қазспортинвест» АҚ. Бұл қор 2020 жылдан бері Қазақстандағы спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс қаражатты бөлу жөніндегі бірыңғай оператор болып тағайындалған.
Zertteu Research Institute директоры Шолпан Айтенованың дерегіне сәйкес, аталған қор 2020 – 2024 жылдар аралығында олимпиадалық спорт түрлерін қолдауға 10 млрд теңге жұмсаған.