Павел Дуров сәрсенбі, 28 тамызда бостандыққа шықты. Франция соты Telegram иесін қамаудан босатты. Ол 5 млн еуро көлемінде кепіл төлеп шыққан. Бұл жайлы Reuters агенттігі хабарлады.
Ол қамаудан босағанымен, тергеу жүріп жатқанда Франция аумағынан шыға алмайды. Аптасына екі рет полиция мекемесіне келіп, белгіленіп тұруы керек.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Павел Дуровтың үстінен ұйымдасқан қылмысқа қатысты іс қозғалған және тергеу бірнеше жылдарға созылуы мүмкін.
Париж прокуроры Лаура Бекко өз мәлімдемесінде Дуровтың қамауға алынуына себеп болған барлық айып бойынша ресми тергеуге негіз бар екенін атап өткен.
Telegram иесіне Франция пррокуратурасы 12 қылмыс бойынша айып тағып отыр. Соның бірі – заңсыз транзакцияларды жүзеге асыру үшін онлайн-платформаны басқаруда ұйымдасқан қылмыстық топ қызметіне қатысу. Бұл үшін Франция заңы бойынша 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жазаға қоса 500 мың еуро көлемінде айыппұл салынады. Сонымен бірге уәкілетті органдардың сұрауы бойынша заңсыз әрекеттерге қатысты ақпарат немесе құжаттарды беруден бас тарту, ақшаны жылыстату және қылмыскерлерге криптографиялық қызмет көрсету секілді айыптар тағылып отыр.
Одан бөлек платформа балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық тақырыбындағы контенттің таралуына тосқауыл болмайтыны, есірткі саудасына және алаяқтық мақсатта қолданатындар көп екені де бар. Франция үкіметі осындай қылмыстардың алдын алуда платформа басшысы полицияға ақпарат беруден бас тартып отырғанын мәлімдеді.
Еске сала кетсек, 24 тамызда Telegram мессенджерінің иесі, миллиардер Павел Дуров Париж әуежайында ұсталды. Ол Ле Бурже әуежайына Әзербайжаннан жеке ұшағымен қонған сәтінде тұтқындалды.
Бұл жаңалықтан соң, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Қазақстан журналистер одағы француз билігін Павел Дуров пен Telegram командасынан кінарат іздемеуге шақырды. Дуровқа қолдау білдіріп, Францияны сынағандар қатарында Х желісінің иесі Илон Маск пен АҚШ журналисі Такер Карлсон бар.
Бұл мәселеге қатысты Франция басшысы Макрон да пікір білдірді. Ол Дуровтың ұсталуының саяси астары жоқ екенін айтты.