Жаңалықтар

Соңғы 5 жылда Орталық Азия елдерінде сақтандыру нарығы қалай өзгерді – Freedom Life сараптамасы

Фото: kursiv.media

Freedom Life сарапшылары Орталық Азия елдеріндегі сақтандыру нарығының соңғы 5 жылда қалай өзгергенін зерттеп, саланың 2028 жылға дейін қалай дамитыны туралы болжамдарын ұсынды.

Freedom Life зерттеуіне сәйкес, соңғы 5 жылда сақтандыру бойынша сыйлықақы көлемі Тәжікстанда жақсы өсім көрсетіп, 773,84%-ды құраған. Ең төменгі көрсеткіш Қырғызстанда. Бұл елде сыйлықақы көлемі бес жыл ішінде 80,81%-ға өскен. Ал Қазақстанда – 95,89%-ға, Өзбекстанда – 220,77%-ға өскен.

Қазақстанда сақтандыру бойынша сыйлықақы көлемі 2019 жылы 1,3 млрд доллар (508,5 млрд теңге) болса, 2023 жылы 2,6 млрд долларды (1,1 трлн теңге) құраған. Өзбекстанда бұл аралықта сыйлықақы көлемі 224,8 млн доллардан 721,3 млн долларға дейін көтерілген. Қырғызстанда 18,8 млн доллардан 34 млн долларға, Тәжікстанда 4,5 млн доллардан 39,3 млн долларға дейін өскен.

Зерттелген елдердегі сыйлықақы көлемін халық санына шаққанда, бір адамға сақтандыру сыйлықақысының ең жоғары мөлшері Қазақстанда тіркелген. Бір адамға 131,3 долларды құраған. Ал ең төменгі сома Тәжікстанда тіркелген. Ол елде бір адамға шаққандағы сыйлықақының ең төменгі мөлшері небәрі 3,8 доллар болған. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 19,9 доллар, Қырғызстанда – 4,9 доллар.

Сарапшылар зерттеуіне сәйкес Азия елдерінде онлайн сақтандыру тетіктері пандемиядан кейін ғана басталған. Дамыған елдерде онлайн сақтандыру саласы 20 жыл бұрын цифрландырылған. АҚШ-та онлайн сақтандыру 1994 жылы, Қытайда – 2000 жылы, Еуропада – 2002 жылы, Жапонияда – 2007 жылы енгізілген.

Орта Азия елдерінде бірінші болып бұл саланы цифрландырған Өзбекстан. Көрші ел онлайн сақтандыруды 2019 жылы енгізген. Қазақстан мен Тәжікстан – 2020 жылы, Қырғызстан – 2021 жылы енгізген.

Сарапшылар мәліметінше, Қырғызстандағы сақтандыру нарығының өсуіне медициналық сақтандыру бағдарламалары айтарлықтай әсер еткен. Елде 2023 жылдың ақпанында медициналық сақтандыру туралы жаңа заң қабылданды. Оған сәйкес шетел азаматтары мен елде оқитын студенттер де сақтандырылуы керек.

Өзбекстанның сақтандыру әлеуетінің артуына халықтың медициналық сақтандыруға және ауылшаруашылығы саласын сақтандыруға қатысты қызығушылығының артуы себеп болған.

Тәжікстанда денсаулықты сақтандыру әдебі енді қалыптасып келеді.

Сала мамандарының айтуынша, саланы цифрландыру нарықтың өсуіне айтарлықтай ықпал етеді.

Қазақстанда Ұлттық Банктің деректері бойынша 2024 жылдың 7 айында жалпы сақтандыру сегментінде жиналған сыйлықақылар көлемі бойынша көш бастап тұрған бағдарламалардың бірі мүлікті сақтандыру. Бұл сала бағдарлама бойынша сақтандыру сыйлықақысыынң көлемі – 162,2 млрд теңгені құраған. Бұл жалпы сақтандыру көлемінің 36,7%-ын құрайды екен. Ал көлік иелерін міндетті сақтандыру көлемі – 65,3 млрд теңге, бұл жалпы көлемнің 14,8%-ын құрайды.