Жаңалықтар

Биыл интернет-алаяқтар қазақстандықтардан 18,2 миллиард теңге жымқырған

коллаж kursiv.media

2024 жылы  интернет-алаяқтар 11 765 адамды алдап, 18,2 миллиард теңгені иемденіп кеткен. Ішкі істер министрлігі Курсив-тің сауалына осылай жауап берді. 

Интернет-алаяқтық амалдары күннен күнге әккілене түскен. Қазіргі кезде қоңырау шалып, өздерін мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстыруы жиілеген. Осы тәсілмен жәбірленушінің жеке шотындағы және депозиттегі қаражатты түрлі айламен иемденіп кетеді. Ол аз болса, несие рәсімдеп алады. Расында, банк немесе полиция қызметкерлері ешқашан дербес деректерді хабарлауды сұрамайды және телефон арқылы арнайы операциялар жүргізбейді.

Күнделікті өмірде қазақ тілінің интернет-алаяқтардан жақсы қорғайтынын көріп жүрміз. Ішкі істер министрлігі мұны тағы да бір дәлелдеп беріп отыр.  

«Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бақылауы бойынша, күнделікті қолданыста орыс тілін пайдаланатын азаматтар интернет-алаяқтықтан зардап шеккендердің негізін құрап отыр. Себебі, қоңыраулардың негізгі бөлігі  шет мемлекеттерінің аумағынан жасалады», – делінген ІІМ баспасөз қызметінің жауабында.

Интернет-алаяқтықтан зардап шеккендердің дені – қарттар, табысын тез арада арттырғысы келетіндер, қаржылық сауаттылығы төмен азаматтар.

Ішкі істер министрлігі берген кеңеске жүгінсек, алаяқтарға алданып қалмау үшін мынадай нәрселерге баса назар аударған жөн.

Біріншіден, тексерілген жарнама сайттарын пайдалану.

Екіншіден, тауарды алғаннан кейін төлем туралы келісу.

Үшіншіден, тауардың бар екеніне көз жеткізу. Ол үшін бейне қоңырау шалу жеткілікті. Егер сатушы басқа қалада болса, таныстарынан немесе туыстарынан тауарды алуды және жіберуді  талап ету керек.

«Күмәнділігі немесе ашықтығына қарамастан азаматтар брокерлік компаниялар мен инвестициялық жобаларға инвестиция салу арқылы ақшасын тез көбейтуді қалайды. Түрлі схемаларға қатысады. Азаматтар ақшаларын жұмыс істемейтін инвестициялық жобаларға салады, кейбір жағдайларда осы мақсаттар үшін несие рәсімдейді», – дейді ІІМ баспасөз қызметі.

Соның кесірінен оңай олжа іздеп, қаражаттарынан қағылып қалады. Алаяқтар ірі компаниялардың, соның ішінде ұлттық компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайт ашып, қазақстандықтарды қызықтырады. Бұл ретте «менеджерлермен» және «брокерлермен» барлық қарым-қатынас онлайн-режимде, оның ішінде мессенджерлер арқылы өтеді. Кейбір жағдайларда алаяқтар мол ақша тарту үшін біржолғы дивидендтер төлеуден де тартынбайды.

Министрлік интернет-қылмыстардың алдын алуға және ашуға бағытталған шаралар қабылдап жатқанын айтты. Банктермен бірлесіп, азаматтардың шоттарының сақталуын қамтамасыз етуге және заңсыз кредиттерді ресімдеудің жолын кесуге  әрекет етіп отыр. Оның ішінде полициямен жедел өзара іс-қимыл бойынша қосымша шаралар да бар.

 «Байланыс операторларымен фрод-қоңырауларға қарсы іс-қимыл туралы меморандумдар жасалды. Барлық өңірлерде интернет-алаяқтықтарды тергеу бойынша «Киберпол» мамандандырылған топтары құрылып, жұмыс істейді», – дейдіІІМ-нің баспасөз қызметі.