Ryanair әуе компаниясының бас директоры әуежайда ішімдік сатуға тыйым салуға шақырды
Әуежай барларында ішімдік сатуға шектеу енгізілуі мүмкін. Өйткені рейстерде тәртіп бұзушылық өршіп кеткен. Ryanair әуе компаниясының бас директоры Майкл О’Лири осындай ұсыныс жасады. Бұл туралы Aerotime хабарлады.
«Бізге ішімдік ішетін адамдар қызық емес. Ішіп алған адамдарға көлік жүргізуге рұқсат бермейміз, бірақ 33 000 фут биікке ұшатын ұшақтарға еш кедергісіз отырғызамыз», – деп О’Лири Daily Telegraph-қа пікір білдірген.
Оның сөзіне қарағанда, соңғы кездері ұшақтағы кикілжіңдер тым көбейіп кеткен. Көбі ұшу кезінде ішіп алып күш көрсетуге ұмтылған. Мұндай шабуылдар туралы апта сайын хабарланып жатыр.
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының хабарлауынша, 2023 жылы әр 480 рейсте бір осындай оқиға болған. 2022 жылы 568 рейске бір ереже бұзу тіркелген екен. Ұшақтағы оқыс оқиғалардың дені – талапты орындамау, балағаттау және уланып қалу.
Агрессиялық әрекеттер Ибица және грек аралдарына ұшақтардың қатынауына елеулі ықпал тигізген. О’Лиридің айтуынша, Ұлыбританияның Ливерпуль, Глазго, Манчестер және Эдинбург секілді аймақтық әуежайларынан ұшу әлі де мәселе тудырып отыр. Ирландия және Германияға ұшатын рейстерде де шикілік бар.
Ryanair Бас директорының пікірінше, әуекомпанияларына ұшаққа отырғызу кезінде есік алдында мас адамдарды байқау қиынға соғады.
«Олар қозғалып жүргенде, үнсіз өтіп кетеді де, ұшақ аспанға көтерілген соң, лайықсыз әрекеттерге басады», – дейді ол.
Оның сөзіне қарағанда, бортсеріктерге шабуыл жасау қатты алаңдаушылық тудырып отыр. Десе де жолаушылар арасындағы ұрыс-керіс те белең алып келеді.
«Бұрын көп ішімдік ішетін адамдар құлап қалып, ұйықтап кететін. Қазір олар таблетка немесе ұнтақ қолданады», – дейді О’Лири.
Соның кесірінен, бүлік шығарушылардың қандай әрекет жасауы мүмкін екенін алдын ала болжау, бақылау қиын болып кеткен.