Абай облысында №1 Семей арнайы қызмет көрсету орталығы директоры психикалық дертке шалдыққан төрт адамды құрылыс жұмысына жұмсаған.
Мекеме қамқорлығында болуы тиіс азаматтарды шаруа қожалығына алып барып, жұмыс істеткізген. Бас прокуратура мәліметі бойынша қылмыстық істі облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы ҚР ҚК-нің 128-бабы 2-бөлігінің 6,9,11-тармақтары (адам саудасы) бойынша тергеген. Қазіргі уақытта іс сотқа жолданды.
Жалпы осы орталықтағы былық мұнымен шектелмеген. Мекеме әкімшілігі мен қызметкерлері орталықта тіркеуде тұрғандардың еңбегін қанаған, тіпті жәрдемақыларын қалтаға басқан.
«Мекеме әкімшілігі мен қызметкерлері техникалық қызметкерлердің орнына қамқорлықтағыларды пайдаланып, үй-жайды тазалауға мәжбүрлеп, тамақ дайындауға баулап, әрекетке қабілетсіз адамдарды заңсыз әрекеттерге тартып, есепшоттарынан жәрдемақыларын жымқырған», – деген Бас прокуратура осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын ескертті.
Семейде прокурорлар бұған дейін басқа да заңсыздықтарды анықтады. «Зеленстрой Семей» ЖШС-нің өз еңбек ұжымына 2 жыл бойы зейнетақы мен әлеуметтік аударымдарды төлемегені мәлім болды.