Жаңалықтар

Дижитал саладағы қай мамандықты меңгерген дұрыс?

Дижитал деген қандай сала?/shutterstock

Нарықта жылдам дамып жатқан бір сала болса, ол — дижитал. Бұл саланы меңгергендерге сұраныс та ерекше жоғары. Дижитал мамандық иелерінің айлығы аз емес екенін де жақсы білеміз. Салаға енді келген джуниордың өзі әжептәуір алады. Ал енді бұл кәсіпті меңгергендер жалақысы бірнеше миллионға жетеді. Олай болса, дижитал саланың маманы болу үшін не істеу керек? Оның қай бағыты сізге сәйкес келеді? Осы туралы айтайық.

Дижитал деген қандай сала?

Дижитал (digital) түсінігі өте ауқымды. Мұнда цифрлық технологиямен байланысты, соған қатысты дүниенің бәрі қамтылады. Ал дижитал технологиялар деген деректерді электрон түрде жинап, сақтап, өңдеп, жасап және жіберуге көмектесетін технологиялар. Қазіргі таңда дижитал технологиямен «тамырымыз» байланған десек, артық емес. Өйткені барлығымызда дерлік смартфон бар. Сонымен бірге ақылды колонкалар, нейрон желілері, виртуал реалити, заттар интернеті де күнделікті өмірімізге әжептәуір еніп кеткен. «Дижитал» дегенде цифрлық технологиялар не сол технологиялар қолданылатын салалар меңзеледі. Көбіне дижитал деп бағдарламалау, аналитика және маркетиңде қолданылады.

  • Бағдарламалық жасақтама, уеб-сайт, мобайл қолданба және басқа да платформалар мен құрылғылар жасауға арналған түрлі өнімді бағдарламалау арқылы дайындайды.
  • Деректерді жинақтап, өңдеп, анализ жасап, интерпретациялау үшін аналитика қажет. Соның арқасында дұрыс шешім қабылдауға болады. Аналитикамен жұмыс істегенде түрлі бағдарлама мен құрал қолданылады. Айталық, электрон кестелер, BI жүйелер, визуал құралдар дегендей.
  • Маркетиң тауарлар мен қызметтерді танымал ету үшін керек. Осы саланың аясында желідегі жарнаманы баптап, әлеуметтік желілермен жұмыс істеп, e-mail арқылы хат таратылады. Осының бәрі — дижитал.  

Дижитал технологияларды қоғамның біраз саласында қолданады. Мысалы, сауданы автоматтандырып, клиенттермен жақсырақ байланыс орнатуға көмектеседі. Болмаса, бизнес компания ішіндегі процестерді оңтайландыру үшін CRM-жүйелерді іске қосады. Бұл да дижиталға жатады. Кейде «дижитал» түсігінімен «IT» (ақпараттық технологиялар) не «онлайн» түсінігін шатастырып жатады. Мұныңыз қате. Себебі ақпараттық технологиялар — дижиталдың ішінде. «Онлайн» болса, интернетте болатын нәрсенің бәрін қамтитын ауқымды түсінік. Мәселен оның ішіне әңгімелесу де, шопиң жасау да, оқу да бәрі кіреді. Ал дижиталдың ауқымы бұдан әлдеқайда кең. Ол онлайн кеңістікті ғана емес, пуш-хабарламалар арқылы қолданушылармен үнемі байланыста болу секілді коммуникация түрін де қамтиды.

Бұл саланың болашағына қатысты қандай болжам бар?

Дижитал салада айлық жоғары, сұраныс көп деп басында айттық. Яғни жасыңыз нешеде болса да жаңадан бастап, санаулы уақытта сұранысы мықты маман болып шығуыңыз әбден мүмкін. Қазір қажет білім мен машықты жылдам жиып, портфолио жинауға көмектесетін онлайн-курс көп. Ішінен шертіп жүріп таңдап, оқып алсаңыз болады. Кейбірінде тіпті еш оқымай-ақ бастап кетуге мүмкіндік бар. Одан қала берді дижитал салада мансап жолында тез өсуге болады. Егер басшылықты көздемейтін адам болсаңыз, онда көлденең бағытта да дами аласыз. Яғни мұндағы мамандықтар ұқсас болғандықтан, біріншісінен екіншісіне ауысу онша қиын емес. Айталық, бастапқыда сынақ жүргізуші болып бастап, кейін бір бағдарламалау тілін меңгеріп, бағдарламалаушы болып кетуге болады. Тағы бір артықшылығы: білім мен тәжірибе жинаған соң маман өз кәсібін бастай алады. Жеке бизнесі ретінде дижитал-маркетиң агенттігін не онлайн-мектебін ашып, жүргізсе болады. 

Бұл салада қандай мамандықтар танымал?

Дижитал салада мамандық түрі көп. Бұл материалда сұранысы үнемі жоғары болып тұратын, дижитал дегенде жиі еске алатын мамандықтарға тоқталайық. Ол мамандар немен айналысады? Қанша айлық алады? Мұндай жұмыс қандай адамдарға келеді? Әрине, дижитал сала туралы сөз қозғалса, бірден бағдарламалаушы еске келеді. Бұл — өнімді жасаумен айналысатын маман. Яғни идея ретінде пайда болған өнімді код түрінде жүзеге асырады. Бағдарламалаушы код жазып қана қоймай, өзге де жұмыстарды атқарады. Мысалы өнім архитектурасын жобалайды, дайын өнімге сынақ жасайды, тұрақты істеп тұруын қамтамасыз етеді. Олай болса, бағдарламалаудағы басты бағыттарға шолу жасап кетейік: 

  • Уеб-бағдарламалау. Мұндай бағдарламашылар уеб-сайттар мен қолданбалар жасаумен айналысады. Бұл бағыттың ішінде үш мамандық бар: фронтенд-, бэкенд- және фулстек-бағдарламашы. Фронтендерлер сайттар мен қолданбалардың интерфейсімен, яғни сыртқы көрінісімен жұмыс істейді. Ал бэкенд болса, қолданушыға көрінбейтін, сервер жағына жауапты. Ал осы екі бағытта да жұмыс істейтіндер — фултсектер.
  • Мобайл бағдарламалау. Бұл бағдарламашылар смартфондар мен планшеттерге арналған қолданбалар жасайды. Бұл бағыттың ішіне  iOS-бағдарламалау, Android-бағдарламалау және кросс-платформалық бағдарламалау кіреді. 
  • Ойындар жасау. Мұндай бағыттағы бағдарламашылар видеоойындар жасаумен айналысады. Оның ішінде компьютер, мобайл телефон, консоль не басқа да құрылғыларға арналған ойындар кіреді.
  • Сынақ жасау. Сынақ жасаушылар (тестировщик) дайын өнімді тексеріп шығып, олқылығын табады. Қандай ақау барын анықтаған соң оны сипаттап, реттеу үшін бағдарламашыға жолдайды. 
  • Бағдарламалық жасақтаманы жобалау. Бағдарламалық жасақтама архитекторы өнім құрылымының жобасын сызады. Ішкі архитектурасын жасайды. Яғни функционалын және қолданушы интерфейсін жобалайды. 

Бағдарламашылар түрлі бағдарламалау тілімен жұмыс істейді. Мысалы, Java, Python, Go, PHP, Kotlin және т.б. Кей мамандар бір тілді ғана меңгереді, енді бірі бірнеше тілде жұмыс істей алады. Бағдарламашылардың айлығы басқа дижитал-мамандармен салыстырғанда көбірек. Бұл мамандық аналитикалық ойлау қабілеті мықты, логикасы темір, сыни ойлай алатын адамдарға үйлеседі. Себебі осы аталған қабілеттер қиын тапсырманы орындауға, мәселені шешуге және кодты оңтайландыруға көмектеседі. Сонымен бірге бағдарламашының өте мұқият болғаны жақсы. Себебі кез келген ұсақ-түйекті байқап қалып, демде реттеп отырмаса, кейін соның кесірінен код қате болып шығуы мүмкін.  

Келесі танымал мамандық — аналитик. Бұл маман деректерді жинап, оларға анализ жасайды. Осылайша арадағы байланысты тауып, нәтижені визуалдап, бизнеске өнімді жақсартуға не процестерді дұрыстауға көмектесетін ұсыныстар дайындайды. Бағдарламалаудағыдай аналитика саласында да бірнеше бағыт бар. Оларға да тоқтала кетейік: 

  • Бизнес-аналитик. Процестерде не басқару жүйесінде нені өзгерту керегін түсінуге көмектеседі. Сол арқылы бизнесте жұмыс жақсырақ жүреді. Сонымен бірге бизнес-аналитиктер компанияның стратегиялық мақсаттартарын шегелеп, бизнес-процестердің жобасын жасауға қол ұшын береді. Яғни бизнестің ресусртарды қалай жұмсап жатқанына анализ жасап, сол арқылы нені оңтайландыру керегін анықтайды. 
  • Өнім аналитигі. Бұл маман компания өнімін дамытуға көмектеседі. Түрлі метрикаға мониториң жасап, нарықтағы ахуалды зерттейді.
  • Дата-аналитик. Көлемді деректермен жұмыс істеп, оларды визуалдайды. Сөйтіп көзге көрінбейтін байланыстар тауып, бизнес-шешімге негіздеп отырып бір байламға келуге көмектеседі. 
  • Жүйе аналитигі. Ақпараттық жүйелерді зерттеп, жобалар, енгізеді. Сонымен қатар қазір бар жүйені жақсартады. IT-өнімге керек талаптарды бизнес тілінен бағдарламалау тіліне аударып, өнімнің жасалу процесін бақылауда ұстайды.
  • Уеб-аналитик. Сайттар мен уеб-сервистердегі деректерге анализ жасайды. Түрлі метриканы бағалап, сервиске кіретіндердің ресурсты қалай қолданатынын зерттейді. Содан соң сайтты түгел не кей беттерін қалай жақсартуға болатыны туралы ұсыныс айтады.

Аналитик мамандығы сандармен жұмысты жақсы көретін, ауқымды деректермен жұмыс істей алатын, бүкіл жерден заңдылық іздеп тұратын адамдарға керемет үйлеседі. Аналитиктер басқа мамандармен тығыз байланыста жұмыс істейтіндіктен, коммуникация скилдері жақсы дамыған болса, нұр үстіне нұр болады.

Интернет-маркетолог деген маман бар. Бұл — тауар не қызметті интернетті жарнамалап, дамытумен айналысатын маман. Ол үшін маркетолог неше түрлі құрал қолданады. Соның ішінде контекстік және таргет жарнма, SEO, SMM және контент-маркетиң. Әдетте интернет-маркетолог осы бағыттардың бірін мықты меңгерген болады. Ал қалғандарымен жұмыс істеу керек болса, ол басқа адамдарды тартады. Кейде компания штатындағы қызметкерлер тобын басқарады. Интернет-маркетиң саласында түрлі бағыт пен құралды меңгерген мамандар болатынын айттық. Мысалы:

  • Таргетолог. Ол таргет жарнаманы реттейді.
  • SEO-маман. Ол SEO арқылы дамытады.
  • SMM. Бизнестің әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізеді.
  • Контент-маркетолог. Ол копирайтер, редактор, корректорлар тобымен бірлесіп, контент жасаумен айналысады.

         Бұл салада шығармашылықпен айналысқанды ұнататын, контент жасағанды жақсы көретін адамдарға жұмыс істеуге болады. Бірақ аналитикалық ойлау қабілеті, сандармен жұмысты ұнататындарға да қызық болуы әбден мүмкін. Ең маңызды қабілеттердің бірі — коммуникациялық машықтың болуы. Себебі көбіне маркетологтар командамен де, тапсырыс берушілермен де тығыз байланыста жұмыс істейді.

Проджект менеджер — жобаларды басқаратын маман. Ол жұмысты бастан-аяқ жоспарлайды. Тапсырмалар беріп, оны кімге жүктеу керегін шешеді. Уақыт пен қаражат мәселесін де бөледі. Қандай тәуекел барын алдын-ала ескертіп, мәселелерді шешумен айналысады. Жоба менеджерінің командасы болады. Әрі сол команданы өзі басқарады. Келесі мамандық — өнім менеджері немесе продакт-менеджер. Ол өнімді нарыққа шығарып, соның табысты жүзеге асуына жауап береді. Продакт-менеджердің қол астында үлкен команда болады. Оларды өнімді шығаруға жауапты. Менеджер болса, деректерге анализ жасап, тапсырыс берушілермен байланыста болады. Продакт және проджект менеджментте түрлі адаммен сөйлесіп, ортақ тіл таба білу керек. Себебі күнделікті жұмыста неше түрлі адаммен байланысуға тура келеді. Басшылық қызмет болғандықтан, команданы біріктіріп ұстап отыру қажет. Жауапкершілік алудан қорықпайтын, аналитикалық ойлау қабілеті мықты, стратегиялық жоспарды жақсы жасайтындарға арналған мамандық. 

Дижитал салада мансап құру жолдары

Дижитал салаға енді келіп, бастағалы отырғандарға бес қадамнан тұратын кеңес айтайық. Соның көмегімен дамып, жақсы жетістікке жетуге болады:

1-қадам. Мамандықты таңдап алыңыз.

Кім болғыңыз келеді, немен айналысқыңыз келеді — нақтылаңыз. Қай сала сізге қызығырақ? Жүрегіңіз қайсысына жақын болып тұр? Жеке басыңызда бар қасиеттерге қарап отырып, қай дижитал мамандық сізге тән екенін білуге болады. Егер өзіңіз таңдай алмай қойсаңыз, онда профориентация қызметін алсаңыз болады. Қазір тегін түрі де, кәсіби ақылы кеңес беретіндер де жетіп жатыр. Интернетте іздеп қарасаңыз, санаулы минутта өтуге болатын тесттерді таба аласыз. Тесттен өтіп көріп, сізге үйлесетін мамандықтарды біліп алыңыз. 

2-қадам. Қажет машықтарды игеріп алыңыз.

Оны өзіңіз үйде оқып алсаңыз да болады. Өйткені бүгінде тегін курс пен дерек көп. Бірақ бұл айтарлықтай оңай емес. Себебі ақпаратты оқып алу бір бөлек, оны іс жүзінде жасау басқа. Сондықтан өзіңіз оқуға шамаңыз келмесе, курстан өтіп алыңыз. Әдетте бірнеше ай не әрі кетсе бір жыл уақытыңызды алады. Курстарда ақпарат түсініктірек болады. Теорияны практикаға демде айналдырып отырасыз. Портфолио жасап шығып, курсты тәмамдаған бойда жұмысқа кірісіп кетуіңіз әбден мүмкін.

3-қадам. Көп практика қажет. Неғұрлым көп болса, іс жүзінде жұмысқа кіріскенде өзіңізге соғұрлым жеңіл болады. Жұмыста бастамас бұрын қолда портфолио болғаны жақсырақ. Сонда жұмыс берушінің сіз жайлы ой жақсы болады. Тіпті бұл салада тәжірибесі болмаса да, қолында курс кезінде жасалған портфолио болса, жұмысқа қабылдану ықтималы арта түседі.

4-қадам. Вакансияларды шолып отырыңыз. Қазір агрегатор көп. Одан қала берді арнайы телеграм-арналар да бар. Вакансиялар салып отыратын осындай жолдардың бәрін қарап шығыңыз. Егер көздеген бір компанияңыз болса, соның сайтына кіріп, вакансия бар-жоғын қараңыз. Дәл қазір бос орын болмаса, стажировкадан өтуге сұрансаңыз болады. Ол үшін пошталарына хат жазыңыз. Түйіндемеңізді жіберіп, портфолиоларды қоса салыңыз.

5-қадам. Жұмыс істеп жүріп оқи беріңіз. Ешқашан тоқтауға болмайды. Себебі бұл саланың ерекшелігі сол — өзгеріс демде болады. Жұмысқа кірдім екен деп өзіңізді тастай салуға болмайды. Дижитал салада технология түрі күн санап көбейіп жатыр. Мықты маман болып қалу үшін үнемі даму үстінде жүру керек. Маман ретінде ғана емес, мансап жолында да өсу керегін ұмытпаңыз.