Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелін салу жобасы 31,2 млрд теңгеге, яғни 104%-ға қымбаттатқан. Ал Өскемендегі Гематология орталығының құны 32-ден 72 млрд теңгеге бір-ақ өскен. Осы және өзгеде құрылыс саласындағы заң бұзушылықтар Жоғары аудиторлық палата тексерісінен кейін белгілі болды. Аудиторлар құрылыс саласында 1,3 млрд теңгеге заңбұзушылық болғанын анықтап отыр.
Құрылыс саласында қандай кемшіліктер бар?
Палата ұсынған ресми статистикаға сүйенсек, өткен жылы Қазақстандағы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 21%-ға ұлғайып, 7,6 трлн теңгеге жеткен. Оның көп бөлігі тұрғын үй және ғимараттар, жолдар мен автомагистральдар, сумен жабдықтау және кәріз құбырлары, мұнай және газ магистральдық құбырларына тиесілі. Алайда баға белгілеу мәселесінде қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге қайшы келетін бірнеше кемшіліктің бары мәлім болды.
«Мәселен, базалық кәсіпорындар, яғни өнім берушілерді іріктеуде нақты өлшемшарттар мен ашықтық жоқ. Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада кемшіліктер анықталған. Нақты айтқанда, мемлекеттік сатып алуды жүргізу қағидаларында мердігердің сметасына (офертасына) сәйкес құрылыс жобаларын іске асыру туралы ережелер ескерілмеген. Мердігер ұйымдардың конкурсқа қатысуға өтінім беру кезінде бастапқыда белгілеген және өнім берушіні таңдау үшін негіз болған жеңілдікті ұсыну (сақтау) мәселесі реттелмеген»,— делінген хабарламада.
Аудит қорытындысы
Аудиторлар құрылыс саласына жаңа прогрессивті технологияларды енгізуде кедергілер барын да әшкереледі. Бұдан бөлек 5 665 жобаны пайдалануға авторлық (мүліктік) құқықтың болмауы мәселесі тағы бар. Құрылыс саласын цифрландыруда да проблемалар бар. Мемлекеттік аудит саладағы нақты инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезіндегі жүйелік проблемаларды көрсететін бұзушылықтар мен кемшіліктерді де анықтады.
Мәселен, ШҚО Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелін салу жобасы 31,2 млрд теңгеге, яғни 104%-ға қымбаттаған. Өскемендегі Гематология орталығының құны 32-ден 72 млрд теңгеге бір-ақ шарықтаған, яғни 125%-ға өскен. Елордалық Интернационал тұрғын алабындағы жаңа сорғы-сүзгі станциясының құны түзетуден кейін 39% өссе, Шымкенттегі Шымкент-сити ауданында Конгресс-холл құрылысы 21% қымбаттаған« , — деп хабарлады Жоғары аудиторлық палата.
Мемлекеттік аудит барысында барлығы 1,3 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану сомасы – 14,2 млрд теңгеден асқан. Экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда – 530 млн теңге екені белгілі болды. Жалпы алғанда 26 жүйелік кемшілік пен 88 рәсімдік бұзушылық анықталды. Аудиторлар әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 21 факті бойынша материалдарды уәкілетті органдарға берді.
Бұқтырмадағы көпірдің құрылысы неге ұзаққа созылды?
Айта кетейік, Бұқтырма су қоймасындағы көпірдің құрылысы 2020 жылы басталған еді. ШҚО-ның шалғайда жатқан аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын Күршім көпірінің сметасы 2017 жылы жасалып, сол уақытта оған қажетті қаражат 32 млрд теңгеден асқан. Мемлекеттік сараптама қорытындысы бойынша, құрылыс 3 жылда бітіп, көпір 2023 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді.
Еске салсақ, осыған дейін аудиторлар Астана әкімдігі мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарын тексерген еді. Тексеру нәтижесінде Астананың жергілікті атқарушы органдары 32 млрд теңгеден астам қаржылық заң бұзушылыққа жол берген.
Сондай-ақ биыл 12 тамызда Жоғары аудиторлық палата «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» (НЗМ) 2019-2023 жылдары бюджет қаражатын қалай жұмсағанына қатысты аудит нәтижелерін жариялаған еді. Тексеріс нәтижесінде ақшаның тиімсіз жұмсалуы, тендер өткізудегі былықтар мен маңызды жобаларға бөлінген қаржының игерілмеуі сияқты фактілер анықталды. Ал палата төрағасы Әлихан Смайылов қаржыны пайдалану мәселесінде НЗМ ашықтық көрсетпей отыр деп мәлімдеді.
Аудиторлық палата енді екінші жартыжылдықта Назарбаев университеті мен «ҚазМұнайГаз» компаниясын тексереді.