Екібастұз қаласының әкімдігі металл сынықтары ретінде сатуды жоспарлап отырған жылу желілерінің 50 шақырымға жуық бөлшектелген құбырларын аукционға шығарды. Салмағы шамамен 2326 тонна болатын және эксплуатациядағы мерзімі 41 жыл болған лоттың жалпы құны 224,5 млн теңгеге бағаланып отыр.
Екібастұз қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі gosreestr.kz электронды сауда алаңында жылу желілерінің бөлшектелген құбырларын 244 529 063 теңгеге сату туралы хабарландыру жариялады. Лоттың сипаттамасында құбырлар 1983 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандығы айтылған.
Бағалау есебінде барлық құбырдың салмағы шамамен 2 326 тонна екені көрсетілген. Құбырдың көлемі тым үлкен болғандықтан, жеткізуші оны өз бағасынан 50% -ға дейін төмен беруге дайын екені жазылған. Сол себепті тауардың келісі 105 теңгеден есептелген. Құбырлар «Полигон-Эк» ЖШС аумағында орналасқан.
Сатылымға шығарылған тауарлар ішінде диаметрі 57 мм-ден 1020 мм-ге дейінгі құбырлар да бар. Олардың жалпы ұзындығы 49,5 шақырым болса, оның 39,4 км — жер үсті және жер асты жылу желілері.
Аукцион 3 қыркүйекке жоспарланған. Әлеуетті сатып алушы 36,6 млн теңге көлемінде кепілді жарна енгізуі тиіс.
Еске салайық, осыған дейін олигарх Александр Клебанов пен Сергей Кан Екібастұз ЖЭО-сы мен жылу желілерін қала әкімдігі иелігіне өткізгені жайлы хабарлаған едік.