Lifestyle

Автокөлік нарығы: күзде көлік бағасы арзандай ма?

Фото: kursiv.media

Жаңа көліктердің бағасы ұзақ тұрақтылықтан кейін, ресми автодүкендер мен дилерлер көлік бағасын түсіре бастады. Бұл тек Қазақстанда ғана емес,  автокөлікке қажетті чиптардың 2 жылдық тапшылығынан  кейінгі автонарықтың қалпына келу әсерінен автокөлік бағасының арзандауы көптеген елде орын алуда. Сонымен қоса, әлемдік инфляцияның төмендеуі мен көрші Қытай автоиндустрия нарығының қарыштап дамуы- көлік бағасына әсер етті. Дегенмен де елімізде қайта сату нарығында тоқырау байқалады. Бұл жүрілген көліктер (қайта сату) нарығы алда  күтілетін төмен бағаға «қарсыласу» нүктесінде тұр. Алдағы айларда көлік бағасының  өзгерісін болжау үшін сатылымдағы ескі көліктердің толық жағдайын, сатылымын, сауда көлемін анықтауымыз қажет. Сонымен қатар су жаңа көліктердің сауда-саттық динамикасын, бағаларын анықтау керек. Себебі бірінші нарық  жалпы автокөлік бағасына бағыт, бағдар береді.

Ішкі нарық ескі көліктермен қаншалықты толған?

Әлемнің дамыған елдерінде автокөліктердің орташа жасы 10-13 жыл аралығында қалыптасқан. Мәселен, АҚШ-та жеңіл және ауыр автокөліктердің орташа жасы -12,6 жыл. Еуропаның кейбір елдерінде көліктің орташа жасы бұдан да төмен: Германияда 10 жыл, Францияда 10,8, Италияда 12,5 жылды құрап отыр. Ал ЕуроОдақ елдерінде жеңіл автокөліктердің орташа жасы 13,1 жылға дейін қысқарған.

Дамыған елдермен салыстырғанда Қазақстанда жеңіл автокөліктің орташа жасы айтарлықтай жоғары. Мәселен, биылғы жылдың 6 айында жеңіл автокөліктердің орташа жасы- 21,3 жыл. Сондай-ақ 20 жылдан жоғары көліктердің  үлесі 44,4%, ал 10 жылдан асқан көліктердің үлесі 68,0%-ды құрап отыр. Өкінішке орай, 3 жылға дейінгі көліктің үлесі небәрі 6% және бұл көліктердің саны қысқарып келеді.

Егер осыдан он жыл бұрынғы жағдаймен салыстыратын болсақ, қазір көліктің орташа жасы жақсарған. Мәселен, ресми статистика мәліметіне назар аударсақ, 2013 жылы 10 жылдан асқан көліктің  үлесі 79,2%-ды құраған, бүгінгі таңда оның үлесі 68,0%-ға дейін төмендеген.

Электрлі көліктер саны газбен жүретін көліктерден озды

Жеңіл автокөліктердің пайдалану отыны бойынша электрлі көліктердің саны артып, алғаш рет газ отынды көліктерді басып озды. 2024 жылдың 1 шілдедегі жағдай бойынша, газбен жүретін көлік саны 7 735 болса,  электрлі көліктің саны 10 317 болған. Алайда электрлі көліктердің жалпы жеңіл автокөлік нарығындағы үлесі небәрі 0,2%-ды құрап отыр. Бензинмен жүретін көліктер 87,5% үлесті құрап, өз басымдылығын сақтап келеді. Соңғы жылдары гибридті (аралас) отын түрін пайдаланатын автокөліктердің саны артып, оның үлесі 8,1%-ға жеткен, бензиннен кейін екінші орында тұр. Электрлі көліктердің басым бөлігі Қытайдан импортталуда. Қытай автокөліктері үлкен ұсыныс пен төмен баға арқылы ішкі нарықтағы жаңа және ескі автокөлік бағаларының төмендеуіне әсер етуші күшке ие болып отыр.

Автокөлік саудасы айтарлықтай төмендеді. Жаңа көлік нарығы мен қайта сату нарығындағы жағдай

2024 жылдың 1 шілдесіндегі ақпарат бойынша, есепке қойылған (сатылған) көліктердің саны, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 26,3%-ға төмендеді. Автокөлік саудасы айлық динамикада да күрт азайып келеді. Қазақстан автокөлік одағының биылғы жылдың қаңтар-шілде айларындағы дерегі бойынша жаңа көлік саудасы былтырғы тиісті кезеңмен салыстырағанда 0,6% төмендеген. Биыл 7 айда диллерлер мен ресми автокөлік дүкендері ішкі нарыққа жаңа 101 394 жеңіл автокөлік сатқан. Ішкі нарықта сатылған су жаңа көліктердің ішіндегі әрбір сатылған бесінші көлік – Hyundai, екінші орында 13% үлесті Kia маркалы көлік алса, Chevrolet керісінше -59,3% төмен сатылымнан кейін нарықта өз позияциясын нашарлатып алды. Ал қытай флагманы Chery 52,1% өсімді көрсетіп, төрттікке кірсе, Jac 2 есе көп сатылымнан кейін дәстүрлі Тайотаны артқа тастап бестікке кірді.  Қайта сату нарығындағы жүрілген  жеңіл автокөліктердің сатылымдағы саны 172 100 көлікке жетті. Ал оның ішінде кедендік тазартудан өткен сатылымдағы көлік саны 166 769 дана, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 24 638 көлікке артық.

Қорытынды

Егер ұсыныстағы баға өзгермесе және оған сұраныстың тарылуы ұзақ сақталса, түптеп келгенде бағаның түсуіне алып келеді. Сондай-ақ жаңа көліктердің төмен бағада ішкі нарыққа кіруі, Қытай көліктерінің Қазақстанда өз ресми автодүкендерін ашуы, нарықта неғұрлым ойыншалар көбейген сайын ұсыныстар артатыны анық. Соңғы жылдары жоғары қарқынмен сатылып жатқан электрлі автокөліктердің одан ары көбейетіні анық. Оның дамуын тежейтін қуаттандыратын бекеттердің аздығы, күтіп ұстаудағы қызметтің жоқтығы болып отыр.

Жаңа көлік бағаларының төмендеуі  қайта сату нарығына әсер етуі тиіс.  Жаңа салық кодексінде 10 жылдан асқан ескі көлік иелеріне салықтық төлем 30%-ға, ал 20 жылдан асқан көліктерге 50%-ға қысқаруы көлік бағасына өз әсерін береді.