Жаңалықтар

Нейрон желісімен қалай достасуға болады немесе жас юзерлерге нұсқаулық

жасанды интеллект
Фото: kursiv.media архивінен

Қазір нейрон желілерін барлық салада қолдануға болады десек, артық емес. Соның арқасында жұмысын жеңілдетіп жүргендер баршылық. Үлкен көлемді деректермен жұмыс істейтін алпауыт компаниялардан бастап, қатардағы қарапайым қолданушының өзі жасанды интеллектінің тілін табуды үйреніп, күнделікті шаруасын тындыруға көмек сұрайды. Әрине, нейрон желілерінің мүмкіндігі ұшан-теңіз. Десе де енді қолдана бастағандар жиі жіберетін қателіктер көбіне ұқсас келеді. Бүгінгі материалымызда сол қателіктерге тоқталамыз.

Нейрон желілерін жұмыс барысында қолдану үшін «алма піс, аузыма түс» дегендей бір сөз жазып, одан сапалы нәтиже күтіп отыруға болмайды. Яғни «маған мақала жазып бер» деген тапсырма берсеңіз, нағыз сізге керек дүниені дайындап бере алмасы анық. Тіпті нәтижесі көңілден шықпай, ақыр соңында жасанды интеллектіге ренжіп, жұмыс істемейтін тәсілге балауыңыз мүмкін. Ал негізі оны қолданған кезде білуіңіз керек басты дүниелер бар. Егер соларды жақсы меңгеріп алсаңыз, онда қорытындысында көңіл қуантатын жұмыс болады. Кейінгі кездері «промпт-инженериң» деген бағыт танымал болып келеді. Ол нейрон желілеріне промптты дұрыс жазып, сапалы жұмыс алуға көмектеседі. Енді бастап жатқандарға таптырмайтын көмекші, солай емес пе? Сонымен тәжірибесі жоқ юзерлерге арнап, көпшілік жіберетін алты қателікті талдайық.

№1 қателік. Промптты яки тапсырманы дұрыс құрастырмағансыз.

Негізі нейрон желісі сіздің айтқаныңызды дұрыстап түсінуі үшін оған тапсырманы түсінікті қылып беруіңіз керек. Сұраныста неғұрлым барлығы толық қамтылса, соғұрлым дәл сізге керек нәтижеге жету ықтималы көбірек бола түседі. Алдымен «промпт» деген не екенінен бастайық. Бұл термин ағылшынның prompt деген сөзінен шыққан. Яғни кеңес беру, ойды жеткізуге көмектесу. Біз айтып отырған «промпт» — қолданушының нейрон желісіне бастапқыда жазатын сөзі, хабарламасы яки тапсырмасы. Қандай контент генерациялау керек екенін жазуыңыз сол — промпт құру. Талаптары, параметрлері жазылады. Былайша айтқанда, модельге (Chat GPT, Copilot, Mistral және т.б.) сізге не керек, айтып, түсіндіресіз. Егер жасаған сұранысыңыз анық болмаса не нақты керее екенін алыстан орағытып жеткізген болсаңыз, онда нәтижесі де солай шығады. Мысалы, сізге әлеуметтік желіге арналған пост жазу керек делік. Нейрон желісін қосып, «маған пост жазып бер» десеңіз, жасанды интеллект жалпы алғанда пост қалай жазылатынын біледі. Бірақ сіз қандай бағытта, қандай жанрда жазу керек, көлемін айтпадыңыз. Сондықтан ол сізге жалпылама пост дайындап беруі мүмкін. Нақты қажетіңізді дөп бассын десеңіз, айқындап тапсырма беріңіз. «IT саласындағы ең үздік үш мамандық жайлы пост жазып бер. Көлемі 100 симводан аспасын» десеңіз, нәтиже де сіз қалаған идеалға ұқсайды. Сондықтан ең басты шарт: неғұрлым көбірек деталь қосып, ненің керек екенін түсіндіріңіз. Қасыңызда адам отырғандай елестетіп, сөзбен қалай жеткізуге болатыны жайлы ойластырыңыз. Ендеше, промптта не болу керек екенін тізіп шығайық:

  • Рөлі: алдымен нейрон желісінің кімнің рөлінде болатынын нақтылап алыңыз. Ол маркетолог па, ақын ба, әлде ағылшын үйрететін ұстаз ба? Бұл өте маңызды.
  • Тақырыбы: Мәтін не туралы болуы керек? Әңгіме не жайлы? Әлгі «IT саласындағы ТОП 3 мамандық жайлы пост» деген мысалдағыдай нақтылаңыз.       
  • Стилі мен жанры: жасанды интеллект не жазып беруі керек? Шағын әңгіме ме, мақала ма, әлде ғылыми стильдегі жұмыс па?
  • Маңызды дүниелер: мәтінде міндетті түрде болуы керек маңызды тұстарды айтуды ұмытпаңыз. «Осыны ескер» демейінше, ол сізге нақты не керек екенін түсінбейді.
  • Мәтіннің тоны: былайша айтқанда, қандай көңіл-күймен жазылуы тиіс екенін айтыңыз. Ол ақпараттық не қарапайым мәтін болсын ба, жоқ әлде кәсіби не ауызекі ме?
  • Көлемі: мәтін болған соң, оның көлемі болады. Сізге қанша символ шамасында болғаны керек? 300 символ ма, жоқ әлде көлемді 5000 символдан тұратын мәтін қажет пе?

 №2 қателік. Баптап, қолдан реттеуге болатын мүмкіндікті ескермейсіз.

Креатив деген жақсы. Бірақ шамадан тыс болып кетпеуі керек. Нейрон желілерінің басым бөлігі мәтін генерациялаған кезде баптауға мүмкіндік береді. Біз осыған дейін айтқан тұстардан бөлек, нәтижеге әсер ететін басқа да дүниелер бар. Сондықтан осы жаһандық тұсын ескермей жұмыс істеуіңіз де — басты қателіктердің бірі. Түсініктірек болуы үшін мына мысалды алып қарайық. Бәріміз білетін Chat GPT бар. https://kz.kursiv.media/kk/2023-02-25/mtzh-chatgpt/  Ол жерде мәтіннің температурасын қоя аласыз. Яғни ол — модельдің креативтігіне жауап беретін параметр. Мәні 0 мен 2 аралығында қойылады. Нөлге таяған сайын мәтін ойға қонымды, стандарт болады. Ал 2-ге жақындаса, онда ерекше, оригинал бола түседі. Одан кейін Frequency penalty деген параметр бар. Ол бір сөз не сөз тіркесінің мәтіндегі қайталану жиілігін өлшейді. Мұнда да мәндер 0 мен 2 аралығында. Мән өскен сайын қайталау саны азаяды, сөздер синонимдермен ауыстырылады. Температура қойғандағыдай тәжірибе жасап көріп, өзіңізге керек мәнді белгілеп алсаңыз болады. Келесі — Presence penalty. Бұл параметр контексте кездесетін сөздер мен сөз тіркестерінің қолданысына жауапты. 0 мен 2 аралығындағы мәндерді қабылдайды. Мән өскен сайын модельдің жаңа сөздер мен тіркестер қолдану мүмкіндігі арта түседі. Бірақ нейрон желілерінің біразында бұл параметрді қолдануға болмайды. Осыны ескеруді ұмытпаңыз.   

№3 қателік. 100% ойдағыдай шығады деп күтесіз.

Әр нейрон желісінің «ұстазы» яки үйренген дереккөзі әртүрлі. Әрине, нейрон желілерінің мәтін жазу шеберлігі таңдай қақтырады. Егер промпт дұрыс жасалса, онда кәсіби копирайтер жазған мәтінмен теңесіп шыға келеді. Бірақ барлығы бірдей солай екен деп ойлап қалмаңыз. Неге десеңіз, нейрон желілерінің көпшілігінде интернеттен тікелей алатын рұқсат жоқ. Яғни олар белгілі бір көлемді деректер арқылы оқыған. Қазір интернетте бар ақпараттың барлығын нейрон желісіне жүктеп қою мүмкін емес. Тек белгілі бір деректермен оқытылады. Жаңартылғанына қарай оның білетін деректері де сол уақытпен шектеулі. Мысалы, ол 2020 жылға дейінгі деректерді біліп, кейінгі 4 жылдағыны білмеуі мүмкін. Кейінгі жаңартуы қашан болса, ол білетін ақпарат та сол кезбен шектеледі. Тағы бір қателік: жасанды интеллектінің бір-бірімен қиыспайтын дүниелерді шығарып беруі. Яғни модель өзі ойдан құрастырып жіберуі мүмкін. Мысалы сіз «үздік он телефон» деп тапсырма бердіңіз. Негізі қалағаныңыз смартфондар тізімі. Бірақ нейрон желісі оны басқаша түсініп, стационарлық телефондардан тізімін шығарып беруі әбден мүмкін. Сол сияқты қате ақпараттар да жүруі ғажап емес. Олай болса, осы қателіктерге ұрынбас үшін мынадай ережелерді ұстаныңыз:    

  • Фактілерді бір тексеріп шығыңыз. Іздеу жүйесін салып, ақпараттың дұрыс екеніне көз жеткізіңіз. Модель өзі ойдан шығарып алған болып шығуы мүмкін. Ерінбеңіз.
  • Сұранысыңызды нақтылаңыз. Промпт нақты болғаны өте маңызды дедік. Сонда бір-біріңізді дұрыс түсінесіздер.
  • Сыни ойлау қабілеті маңызды. Өзіңіздің бойыңызда осы қасиетті дамытыңыз. Алған нәтижеге анализ жасаңыз, сәйкес келе ме — тексеріңіз. Бір фактіні бірнеше дереккөзбен салыстырыңыз.

№4 қателік. Мәтінді еш тексерместен көшіріп қоя саласыз.

Чат-боттар өте сауатты, әдемі мәтіндер жаза алады. Бұл сөзсіз. Дегенмен барлығы бірдей оригинал, бұрын еш жерде қолданылмаған бола бермейді. Сондықтан нейрон желісі дайындап берген мәтінді көзсіз көшіріп қоя салудан аулақ болыңыз. Әйтпесе мынадай проблемаларға тап болуыңыз мүмкін:

  • Мәтіннің бірегейлігі төмен болады.
  • Мәтінде құр сөз көп болады.
  • Кілт сөздерді қайта оңтайландырады.
  • Спам.

Бұған дейін айтқанымыздай, модельдер белгілі бір деректермен оқытылады. Яғни желіде бар мәтіндерді оқиды. Сондықтан нәтижесінде кітаптар, мақалалар мен басқа да дереккөздердегі мәтіндерді қолдануы мүмкін. Одан қала берді нейрон желілері мәтіннің мағынасын түсінбей қалып жатады. Себебі олар статистикалық модельдерге сүйеніп үйренеді. Соның салдарынан кездейсоқ жайттар болып қалуы мүмкін. Сол себепті осы қателікті жібермеу үшін мына дүниелерді ескеріңіз:

  • Мәтіннің бірегейлігін үнемі тексеріп алыңыз. Қазір мәтін плагиат па, жоқ па екенін тексеріп алатын сервис көп. Тегіні керек пе, ақылысы ма — толып жатыр. Ерінбей сонда салып алыңыз.  
  • Мәтіннің үстінен қарап шығыңыз, сөздерді ауыстырыңыз. Бірден көшіріп қоя салмай, өңдеген дұрыс.
  • Қайта оңтайландыру деген бар. Мысалы, «Тургенев» сервисінде мәтіннің қай жерін қайта жазу керек екенін көрсетеді.
  • Қателерді тексеріңіз. Кейде серверде жүктеме жоғары болған кезде мәтіннің ішінде ағылшынша сөздер не латын қарпімен кетіп қалған символдар болуы мүмкін. Бір көз жүгіртіп шыққан өзіңізге жақсы.

№5 қателік. Сыни ойлау қабілетіңіз төмен.

Нейрон желісін ғалымдар ғана оқытады деп ойласаңыз, қателесесіз. Ол — интернеттің айнасы. Модель оқытылатын деректердің ішінде қате ақпарат та, боқтық сөз де жүруі ғажап емес. Интернетте бар жалпы деректер де, қарапайым адамдардың қосқан мәліметтері де жүреді. Чат-боттарды қолданған кезде сыни ойлай алу қабілетін қосу үшін мына кеңестерді назарда ұстаңыз:

  • Жасанды интеллект дайындап берген мәтінге үнемі күмәнмен қарап, қателесуі мүмкін екенін есте ұстаңыз. Сондықтан тексеру керек.
  • Ақпараттың қандай дереккөзден алынғанына мән беріңіз. Жауаптарды генерациялаған кезде модельге қандай дереккөзді қолданғанын көрсетуін сұраңыз.
  • Балама көзқарастар іздеңіз. Ол үшін сұранысты қайта құрып көрсеңіз болады. Болмаса, іздеу жүйелерін қолданып көріңіз.
  • Өзіңізді дамытуды тоқтатпаңыз. Генерациялау керек ақпарат саласы жайлы неғұрлым көп білсеңіз, соғұрлым мәтінді тексеріп, ішіндегісінің ақ-қарасын ажырата аласыз.

№6 қателік. Мәтін генерациялауға ғана қолданып жүрсіз.

Жасанды интеллектінің мүмкіндігі сіз ойлағаннан әлдеқайда көп. Тіпті шексіз десек артық болмас. Әу баста Chat GPT мәтін генерациялау үшін жасалған еді. Ал қазір оның мүмкіндігі молайды. Бүгінде нейрон желілерінің қолынан келмейтін нәрсе кемде-кем. Мысалы:

  • Мәтін аударып бере алады. Жасанды интеллект мәтінді әлемнің бірнеше тіліне демде аударып береді. Мағынасы мен бірегейлігін сақтайды. Әсіресе, шетелде жүргенде не тіл үйренгенде қолдануға қолайлы.
  • Бағдарламалық код жаза алады. Қазір дұрыс код жазу үшін қолданылатын модельдер жетіп жатыр. Нөлден бастап жазып беретіндері де, бар кодты түсіндіретін де, тіпті қатесін тауып, жетілдіруге көмектесетіндері де бар. Егер промпт дұрыс құрылса, онда тіпті лендиң жасап шығуға болады.
  • Түйіндеме не ұсыныс хаттар жазып бере алады. Уақытыңызды үнемдегіңіз келсе, онда жасанды интеллектіге сіздің орныңызға түйіндеме жасап беруді сұраңыз. Бар болғаны ақпараттар берсеңіз болды.
  • Көлемді деректерге анализ жасай алады. Нейрон желісін статистикаға анализ жасауға, кесте не есеп құрастыруға қолдана аласыз. Көбірек қолданған сайын ортақ тіл табу жеңілдей түседі.