Ұлттық банктің топ-менеджерлері мен оның еншілес ұйымдары өз жалақыларын қаншаға көтерді?

Жарияланды (жаңартылды )
"Қаржы" бөлімінің редакторы

Жария есептіліктен көрініп тұрғандай, Ұлттық банк басшылары мен оның ведомстволық бағынысты құрылымдарының жиынтық табысы өткен жылы табыстың үштен бірінен астам деңгейге өсті. «Курсив» осы ұйымдардағы топ-менеджерлердің орташа жалақысы қандай мәнге жеткенін есептеп көрді.

иллюстрация: Илья Ким

2023 жылы Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі басшылығының жиынтық сыйақысы ең жоғары қарқынмен өсті (2022 жылмен салыстырғанда +62%, инфографиканы қараңыз). Элиталық жалақыға жұмсалатын шығыстардың ең жоғары өсімі Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (+56%) мен Мемлекеттік кредиттік бюрода да (+50%) тіркелді. Ұлттық банк басшылары да өздеріне келгенде жомарттық танытқан – негізгі басқарушылардың сыйақысы 45%-ға ұлғайған. Сондай-ақ Қазақстандық тұрақтылық қоры мен Ұлттық банктің қызметін қамтамасыз ету орталығының топ-менеджерлері де жұмыс берушіге шағымдана алмас, сірә. Олардың жиынтық сыйақысы жалақының үштен біріне (+32%) өсті.

Бас компания мен оған қарасты бес ұйымдағы әріптестерімен салыстырғанда, Қазақстан теңге сарайы мен Ұлттық инвестициялық корпорация топ-менеджерлерінің жағдайы «мәз емес»: олардың жиынтық сыйақысы тиісінше «тек» 14 және 12%-ға өскен. Негізі Теңге сарайының басшылары үшін 2022 жыл сәтті өрілген еді. Дәл сол жылы олардың еңбекақы қоры 33%-ға ұлғайған-ды. «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ (өткен жылдың ортасында «Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» РМК-дан қайта құру жолымен құрылған) топ-менеджерлерінің еңбекақысы 5%-ға, Банктік сервистік бюрода 2,6%-ға ұлғайған. Мұндай өсім 2022 жылғы лайықты (+22%) өсуден кейін орын алып отыр. Жалпы, жоғарыда аталған он ұйым үшін басшылықтың еңбекақы қоры 2021 жылғы 1,97 млрд теңгеден 2022 жылы 2,23 млрд теңгеге дейін (+13%) және 2023 жылы 3,03 млрд теңгеге дейін (+36%) өсті.

Ұлттық банктің екі еншілес ұйымындағы («Банкнот фабрикасы» РМК және «Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы» АҚ) басқарушылардың жалақысының жағдайы белгісіз. Қаржылық есептілік депозитарийі порталында орналастырылған Банкнот фабрикасының 2022 және 2023 жылдарға арналған аудиттелген есептілігінде мәлімделген 42 беттің тек 16-сы ғана қамтылған. Яғни құжаттар толық жарияланбаған (мұндай құжаттардың ажырамас бөлігі болып саналатыны турады ескерту де жоқ). Ал 2021 жылғы «қырқылмаған» есептілікте басшылықтың сыйақысы туралы ақпарат қандай да бір себептермен ашық көрсетілмеген.

Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығына келетін болсақ, бұл құрылым әлі күнге дейін 2023 жылға арналған аудитті Қаржылық есептілік депозитарийі порталына орналастырған жоқ. Оның корпоративтік сайты да жоқ. Дегенмен аталған орталық Ұлттық банктің сайтында кешегі күнге дейін еншілес кәсіпорындар тізімінде болған. Бастапқыда бұл кеңсе Алматы өңірлік қаржы орталығы жанындағы академия ретінде құрылды. Ал Алматы өңірлік қаржы орталығы жұмысын тоқтатқан кезде, «академия» сақталып қалды әрі Ұлттық банкке берілді. Бас банкте одан алдымен «Оқу орталығы» жасалды, ал 2021 жылы Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы болып өзгертілді. «Курсив» Ұлттық банктің баспасөз қызметінен аталған орталықтың қазіргі мәртебесін нақтылауды сұрағаннан кейін қаоржылық реттеушінің сайтындағы ақпарат бірден өзектендірілді. Бір айдан аз уақыт бұрын бұл ұйымның тәуелсіз заңды тұлға ретіндегі тарихы аяқталып, жойылған. Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығының функцияларын иеленген секілді, бұл орталықтың функциялары да Ұлттық төлем корпорациясының құзыретіне өткен. Ал осы жылдың 8 тамызында Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығына қатысты «қызметті тоқтатуды мемлекеттік тіркеу жүргізілді».

Топ-менеджменттің жиынтық сыйақысы туралы ақпарат компаниялардың негізгі басқару персоналына жұмсайтын сомаларының динамикасы тұрғысынан қызығушылық тудырады. Бұл сомалар өздігінен (абсолютті түрде) көп нәрсе айтпайды. Оларды «сөйлету» үшін «Курсив» Ұлттық банкпен байланысты (немесе бұрын байланысы болған) 14 ұйымдағы басшылықтың орташа жалақысын есептеді (жария деректер негізінде). Олардың екеуі (БЖЗҚ және Ұлттық инвестициялық корпорация) қандай да бір себептермен 2023 жылғы төлемдер туралы мәліметтерді басқармаға ұсынуға (мерзімі 31 тамызда аяқталады) асығар емес.

Ұлттық банкке қатысты нақты есептер жүргізу мүмкін емес. Өйткені бас банк басқармаға қанша төлейтіні туралы есеп беруге міндетті емес. Тек басқарма мен директорлар кеңесі мүшелерінің жиынтық сыйақысын ғана көрсете алады. Егер екі жиынтық сыйақы бір орташа топ-менеджерге біріктіретін болсақ, онда оның жалақысы (салықтар шегерілгенге дейін) 2023 жылы айына 4,6 млн теңгені құраған болады. Ал 2022 жылы бұл сома 3,2 млн теңгеге тең еді. Сонымен бірге Ұлттық банк басшысы мен оның бес орынбасары алынған орташа мәннен едәуір көп табыс тапты, ал 19 департамент директорының табысы едәуір аз.

Ұлттық банктің еншілес ұйымдарының ішінде ең жоғары жалақысы бар басшы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының төрағасы болуы мүмкін. Оның жалақысы (енді орташа емес, нақты жалақы, өйткені ол басқарманың жалғыз мүшесі) 2022 жылғы айына бекітілген 4,1 млн теңгеден 2023 жылы 5,5 млн теңгеге дейін (+34%) өсті. Қалған еншілес ұйымдардың алқалы атқарушы органы бар, онда негізгі бастықтың орташа жалақысы тікелей қарамағындағылардың аз жалақысымен «бұлыңғырланып» кетуі де мүмкін. Басқарманың орташа жалақысы 4 млн теңгеге тең болатын ұйымда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры төрағасының 5,5 млн теңге және одан да көп ақша табуы көкейге қонымды.

Элиталық жалақының жоғары өсуі Орталық депозитарийде (2023 жылы +66%) және Мемлекеттік кредиттік бюрода (+50%) байқалды. Алғашқысында оның орташа көлемі 2021 жылғы 2,1 млн теңгеден 2022 жылы 2,6 млн теңгеге дейін және 2023 жылы 4,3 млн теңгеге дейін өсті. Мемлекеттік кредиттік бюроның өсу траекториясы да осыған ұқсас. Қазақстандық тұрақтылық қорындағы топ-менеджерлер 37%-ға (3,2 млн теңге), Ұлттық банктің қызметін қамтамасыз ету орталығындағылар 32%-ға (3,1 млн) көп табыс таба бастады. Осы орайда жалақысы орташа есеппен 5%-ға (2,8 млн теңгеге дейін) ғана көтерілген Ұлттық төлем корпорациясының бастықтары ғана өздерін «бақытсыз» сезінгендей. Өйткені корпорация деген абыройлы атақ бұрынғы Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығына жақында ғана берілді. Демек, жуықта мұның да жалақы деңгейі жаңа мәртебеге сәйкес келетін болады.

Сондай-ақ оқыңыз