Жаңалықтар

Біріккен Араб Әмірліктерінен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушы экстрадицияланды

Біріккен Араб Әмірліктерінен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушы экстрадицияланды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Біріккен Араб Әмірліктерінен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуға Қазақстан азаматын экстрадициялады. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

Прокуратураның мәліметінше, күдікті 2023-2024 жылдар аралығында Атырау облысында букмекерлік кеңсе түріндегі ойын бизнесін ұйымдастырып, осының нәтижесінде 21 млн теңге көлемінде пайда тапқан.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланды. Биылғы жылдың тамызында ол Абу-Даби қаласының аумағында ұсталып, кейіннен Қазақстанға экстрадицияланды, – деп қосты ведомство.

Айта кетейік, ол бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін сотталған. Қазіргі уақытта күдікті Астананың тергеу изоляторына қамалды.

Қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен он жыл бойы іздеуде жүрген тағы бір қазақстандық Біріккен Араб Әмірліктерінен елге жеткізілді.

Бас прокуратура мен Интерпол қызметкерлері және ҚР Сыртқы істер министрлігінің көмегімен БАӘ-нен алдау және сенімді теріспайдалану жолымен ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырғаны үшін күдіктіні экстрадициялады.  Ол қылмыстық жауапкершілікке тартылды.