Жаңалықтар

Энергетика министрлігі мен CNPC басшылары Қазақстаннан Қытайға газ экспорттау мәселесін талқылады

Тараптар Қазақстаннан Қытайға газ экспорттау мәселесін талқылады / shutterstock

2024 жылғы 30 тамызда Бейжіңде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегацияның қытайлық CNPC және State Power Investment компанияларының басшылығымен екіжақты кездесулері өтті деп хабарлайды Энергетика министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, тараптар Қазақстаннан Қытайға газ экспорттау мәселесін талқылады. Оның ішінде «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының жаңа желісін салу және қазақстандық газ экспортына ұзақмерзімді келісімшарт жасасу тақырыптарын сөз етті.

«Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мұнай-газ саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдіріп, өзара тиімді шарттарда ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

State Power Investment Corporation төрағасы Лю Миншэнмен келіссөздер барысында тараптар жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, жалпы энергетика секторының даму перспективаларын талқылады», – делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан үкіметі Қытайға газ құбырын тарту үшін орман алқабынан 60 гектардан астам жер телімін бөлгені туралы жазған едік.

Қытай нарығына түркімен мен өзбек газын жеткізеді. Ал Қазақстан газын республиканың ішкі нарығына жеткізеді және экспортқа шығарады. Серіктестік қатысушылары – «QazaqGaz» ҰК АҚ және Trans-Asia Gas Pipeline Company Limited (CNPC еншілес кәсіпорны).

Былтыр QazaqGaz бен Қытайдың ұлттық мұнай корпорациясы (CNPC) табиғи газды жеткізу, геологиялық барлау саласында серіктестік орнатуға келіскен еді.