Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қызметінен босатылды
ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермек Боранбайұлы Маржықпаев Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі лауазымынан босатылды», – делінген Ақорданың 31 тамызда жариялаған Президент қаулысында.
Ермек Маржықпаев 2023 жылы 2 қыркүйекте Туризм және спорт министрі болып тағайындалған.
28 тамыз күні Маржықпаев Париж Олимпиадасынан кейін қорытыныды жиналыс өткізді. Сол жиналыста мемлекет қаржыландыратын спорт түрлерінің қысқаратыны туралы айтқан еді.
2027 жылға дейін мемлекет қаржыландыратын спорт түрлерін 60-қа дейін қысқарту көзделіп отыр. Бұл мәселе арнайы заң жобасында да қарастырылған және жыл соңына дейін қабылдануы қажет, – деді.
Министрдің айтуынша, ресми тіркелген спорттық бағыттар ел қазынасына салмақ салмауы қажет. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде 182 спорт түрі бар, олардың барлығына бюджеттен жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінеді.
Еске сала кетейік, Олимпиада қарсаңында Туризм және спорт министрлігінің өкілдері Ұлттық құраманы дайындау мен Парижге апаруға жұмсалған қаржы көлемін жария еткен.