Жаңалықтар

Бизнесіңізге мобайл қолданба керек пе? Оны қалай білеміз?

Фото: kursiv.media

Өнімдері мен қызметтерін оңай сату үшін бизнес иелері мобайл қолданба жасайды. Смартфонға орнатып алсаңыз болды, бірер батырманы шертіп-шертіп керек затты аласыз. Өте ыңғайлы, солай емес пе? Бірақ бизнес біткеннің бәріне ол құрал керек деп ойламаңыз. Себебі кей жағдайда мобайл қолданбаның қажеті болмайды. Олай болса, осы тақырыпта кең таралған аңыздарға шолу жасайық.

№1 аңыз. Брендтің бәріне мобайл қолданба керек

Мобайл қолданбаны ең қажет құралдың бірі деген қате түсінік қалыптасқан. Әсіресе, әлі қанаты қатаймаған бизнес үшін оның шығыны тым қымбат болуы мүмкін. «Бәрінде бар екен, істетейік» деп ойланбастан жасатудың қажеті жоқ. Сондықтан бизнесіңізге қосымша істететін кезде мына нәрселерге назар аударғаныңыз жөн:

  • Сайттың трафигі қандай? Қолданушылардың қанша пайызы сайтыңызға мобайл құрылғылар арқылы кіретінін анықтап алыңыз. Әдетте, юзерлердің 50%-нан астамы смартфоннан кіретін болса, онда жасаған қолданба өзін ақтайды деп есептеледі.
  • Бір клиент бірнеше рет сізден қызмет не өнім ала ма? Ондай тұрақты клиенттерді ұстап қалудың амалы — қолданба. Пуш-хабарламалар жіберіп тұрасыз, промокодтар бересіз, сторис не акциялар жасайсыз. Сонысымен қолданба ыңғайлы. Ірі ретейлерлерге — тамақ, косметика, киім не электроника сататындарға мобайл қолданба табысты арттыратын әдістің бірі саналады. Ал енді қызметіңізді бір рет алғаннан кейін қайтадан оралмайтын болса, онда қолданба жасаудың қажеті қанша?
  • Мобайл қолданба клиенттер тарапынан түскен қандай қосымша сұранысты қанағаттандыра алады? Шама келсе, оның фунционалы сайттағыдан көбірек болып, жаңа мүмкіндіктер ұсынғаны абзал. Айталық, егер сізде интернет-дүкен бар болса, онда штрихкодты скандайтын функция болса жақсы дегендей. 
  • Адалдық бағдарламасы бар ма? Егер бизнесіңізде бонус жүйесі болса, онда қолданба өте ыңғайлы болады.
  • Қолданба ақысы қалтаға салмақ болмай ма? Мысалы, толыққанда сайт емес, лендиң жасайтын тәсіл бар. Ол әлдеқайда арзандау шығады. Бірақ мобайл қолданба қымбат тұрады. Бірнеше миллионыңыз кететінін ескеріңіз. Егер функционалы көбірек болсын десеңіз, тіпті шығындалуыңыз керек болады. Әрі бір жасатып қойып жылдар бойы өзімен-өзі жұмыс істеп тұрады деп ойламаңыз. Себебі оптимизациясы, жаңартуы, фичалар, багтарды түзеу сынды шаруалар бітпейді. Ал ол — шығын. 

№2 аңыз. Қолданбаның қандай түрін жасаса да бәрібір

Қолданбаның үш түрі болады: натив, кросс-платформалық және уеб-қолданба. Бұлардың әрқайсысының бюджеті, жасалу уақыты мен техникалық қолдауы әртүрлі. Түсініктірек болуы үшін шолу жасап шығайық.

  • Натив мобайл қолданбалар. Оны нақты мобайл платформа үшін жасайды. Мәселен Android операциялық жүйесі үшін Java, Kotlin тілдерінде жазады. Ал iOS-қа — Objective-C мен Swift. Яғни iOS-қа арналған қолданбаны Android-қа орната алмайсыз деген сөз. Сондықтан әр жүйеге жеке-жеке бағдарламалаушылар командасы керек. Қолданбалардың жасалу уақыты ұзағырақ, бағасы да қымбаттау. Десе де, қолданба жасалып болғаннан кейін сынақтан өткізу, қолдау қызметі жеңілірек болады. Өз операциялық жүйесіндегі бар функциялар — GPS, камера, микрофон, акселерометр, күнтізбе деген сынды мүмкіндіктер қосылады. Бұл сізге де, клиентке де жақсы. Одан қала берді натив қолданбалар басқа түрлеріне қарағанда офлайнда жақсырақ жұмыс істейді. Қауіпсіздік жағынан да берік. Сіз көріп жүрген банк, маркетплейстер, Google сияқты ірі экожүйе брендтерінің қолданбалары осы нативке жатады. 
  • Кросс-платформалық қолданбалар. Мобайл бағдарламалау саласындағы қазіргі тренд. Мұндай қолданбада операциялық жүйесі әртүрлі құрылғыларға ортақ кодтар базасы болады. Соның арқасында бюджет жағынан арзанырақ, жасалу уақыты жылдамырақ. Бірақ бір қолданбаны түрлі платформаға орнатқан кезде өте көлемді код жазылатындықтан, салмағы ауыр. Өнімділік жағынан нативке қарағанда әлсіздеу. Тағы бір айта кететін жайт: кросс-платформалық қолданбаларға суппорт жасау қиындау. Өйткені iOS пен Android оларға жаңартуды сирек қосады. Сонымен қатар бұл қолданбаларда кей функциялар істемейді.   
  • Уеб-қолданбалар. Мұндай қолданбаларды PWA (progressive web apps) технологиясы бойынша жасайды. Соның арқасында компания сайт мобайл өнімге айналып шыға келеді. Былайша айтқанда, PWA-қолданбалар мобайл браузерде жұмыс істейді. Яғни оларды компания сайтынан жүктеп ала аласыз. Браузері бар кез келген платформада PWA істей береді. Көбірек клиент тарту үшін SEO-оптимизация жасау керек. Өйткені іздеу жүйелері PWA-ны уеб-сайт деп таниды. Мұндай қолданбалар жасауға ұзақ уақыт кетпейді, бағасы да қымбат емес. Бірақ барлығына бірдей бұл қолданба түрі сәйкес келе бермейді. Атап айтқанда: 
  • Қарапайым функционал болса жеткілікті десеңіз, онда күрделендіріп толыққанды қолданба жасату керек емес. Ақпараттық сайт не қызметті таңдап, тапсырыс беруге ғана арналған қарапайым сервистерге уеб-қолданба дұрыс.  
  • Егер кросс-платформалық не натив қолданбаның орнын уақытша баса тұратын балама керек болса, онда уеб-қолданба шешім бола алады. Былтыр InDrive-ты солай жүктеп алғанымыз есіңізде шығар?     

№3. PWA натив қолданбаның орнын баса алады

Мысалы, App Store мен Google Play дүкендерінен қолданбаны өшіріп тастаса, клиенттеріне компаниялар PWA ұсынады. Ресейлік апптарға санкцияға байланысты сондай шектеу болған еді. Сөйтіп көпшілігі сырттан ешкім өшіріп тастай алмайтын PWA жасады. Бірақ бұл натив қолданбаның орнын баса алмайды. Біріншіден, уеб-қолданбаларды функционы шектеулі. Күрделі анимация, визуал не дыбыстық арнайы эффектілер істемейді. Екіншіден, смартфонның аппараттық мүмкіндіктерін, яғни камера не Bluetooth-ды қолдану керек болса, PWA бұл айқаста жеңілетіні анық. Контактілері тізімі не күнтізбе сынды функцияларды да қолдана алмауыңыз мүмкін. Одан қала берді progressive web apps смартфонның қуатын әлдеқайда көбірек «жейді». Үшіншіден, натив қолданбалар дүкенін қолданып монетизация жасай алмайсыз. Сондықтан жеке төлем жүйесін интеграциялап қосуыңыз қажет болады. Тағы бір кемшілігі: мұндай уеб-қолданбалар iOS операциялық жүйесімен онша дос емес.                 

№4. Натив қолданбаның бәрі қолданушыға қолайлы

«Қолданушыларға ең ыңғайлысы — натив қолданба» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ мұныңыз қате. Өйткені мобайл бағдарламалау саласы қарқынды дамып жатыр. Соған сай қолданба түрлеріне қарай әрқайсысы өз қызметін мінсіз атқаруға барын салады. Бұлардың арасында айырмашылықты сырт көзге білінбегенімен, бэкенд яғни серверде жатқан, қолданушыларға көрінбейтін тұстан табасыз. Мысалы, қолданба архитектурасы, бастапқы код, деректерді өңдейтін процесс дегендей. Қолданушылар мұны көзбен көре қоймайды. Дегенмен қолданған кезде ыңғайлы екенін сезе алады.  

№5. Жас компания өздігімен қолданба жасап шығара алмайды

Мобайл қолданба жасағанда аутсорсқа бере салу — ең қарапайым әрі дұрыс шешім болып көрінуі мүмкін. Әсіресе, сіздің бизнесіңіз IT әлемінен алыс болса. Дегенмен сырттан команда тартқан компаниялар көбінде проблема айтарлықтай көп болады. Айталық, процесс барысында бастапқы бюджеттен әлдеқайда көбірек шығын шығып кетуі мүмкін. Оған қоса техникалық қолдау, қолданбаға қызмет көрсету сияқты тұрақты шығындар бар. Сондықтан егер жобаңыз күрделі болса, онда инхаус яғни өз ішіңізде жасаған абзал. Ол үшін білікті мамандардан тұратын команда қажет. Штатқа бағдарламалаушы, сынақ жүргізуші, дизайнер, проджект-менеджер алыңыз. Ал енді компания штатында мобайл қолданба жасап көргендер болмаса, онда білігін арттырсаңыз болады. Болмаса, жобаға керек адамдарды жинап, команда жасақтаңыз.  

Осы ретте инхаус-бағдарламалаудың артықшылықтарына тоқталайық:

  • Процесті толықтай бақылауда ұстап отырасыз. Қалай жүріп жатыр, жылдамдық қандай, шығындар не болып жатыр — бәрін уақытылы білесіз.
  • Компаниядағы басты қызметкердің барлығы осы мобайл қолданба жасау процесіне қатысады. Клиентке не керек екенін жақсырақ түсінетіндіктен, өнімнің сапалы шығуына мүмкіндік мол. Қайта-қайта жасатып, өңдете бермейсіз. 
  • Команда мүшелері жобаны егжей-тегжей талқылап, жаңа фичалар қосып, қателерді жөндеу үшін жиірек жинала алады. Ал аутсорста жасалғанда жаңа итерация үшін қосымша ақы төлеуіңіз керек. одан қала берді штатта команда болғанда өніміңізге қатысты бизнес-идеялар құпия сақталады, сыртқа жария болу ықтималы төмен.

№6. Мобайл қолданба деген — сайттың шағын көшірмесі

Қолданба мен уеб-сайттың атқаратын функциясы әртүрлі болуы керек. Сондықтан мобайл өнім жасаған кезде сайттың интерфейсі мен функциясын көшіріп қоя салуға болмайды. Уеб-дизайн кемінде маркетиң жағынан ұтуға көмектеседі. Басқа бәсекелестерге қарағанда мықтырақ көрсетуге жұмыстанасыз. Сол себепті уеб-дизайнерлер кейде ойнатып, құбылтып, түрлі тәсіл жасап көріп жатады. Ал енді мобайл қолданба дизайны бұдан сәл басқаша. Оның функциясы — қолданушының сұранысын тезірек өңдеп, өнімділікті арттыруы қажет. Жоқ жерден сәндей беруді қажеті жоқ. Мұнда басты назар функционалдық, қолдануға оңай болуы, навигация және жылдамдықта болады. Мобайл қолданбалар дизайнына минимализм тән болатын себебі де — осында. Деталь барынша аз болса, юзер үшін навигация оңай болса, бас бармақпен былай да былай басу оңай болса жетіп жатыр. Декорация аз болған сайын функционалдық арта түседі. Әрі ТОП қолданбаларды қарасаңыз, олардың дизайны ұқсас келеді. Атап айтқанда, батырмалардың орналасқан жері, мәзір құрылымы мен тауар картасының түрі бірдей десек болады. Олай болатын себебі — дизайнерлердің мобайл жүйелер гайдлайнына сәйкес жұмыс істейтінінде. Қолданушы паттеріне сай болған сайын жақсырақ нәтиже аласыз. Интерфейстің түсінікті болғаны аса маңызды мәселе екенін ұмытпаңыз.    

№7. Қолданбада функция неғұрлым көп болса, соғұрлым мықты бола түседі

Компаниялар арасында кең таралған аңыздың ішінде осы да бар. Заманауи мобайл әлемде мүмкіндік расында мол. Сондықтан ананы да қосып, мынаны да қосып сәндегіңіз келетінін түсінуге болады. Қызық фича мен күрделі графиканы қосуға көпшілік құмар келеді. Дегенмен бұл жақсы емес. Себебі жаңа фича қосқан сайын салмағы ауырлай түседі, ресурс жейді, интерфейсті ауырландырады, жұмыс барысында көп қате кетіп, «құлап» қалады. Сондықтан қарапайым әрі түсінікті қолданба жасаған абзал. Қолданушылардың қалауы осы. Өздеріне керек әрекетті алыстан орағытпай демде жасай алса болғаны. Мысалы мейрамханадан тамақ алғысы келді делік. Өзіне керек тамақтарды таңдап, себетке салып, сол жерде бірден картамен төлей алса жеткілікті. Бұл жерде қосымша анимация не артық фичаларды қосудың керегі шамалы. Одан гөрі юзабилитиді жақсартуға күш салған дұрыс. Яғни қолданушыларға жеңіл болуы үшін не істеу керегін ойластырыңыз.   

Тобықтай түйін

  • Компанияның барлығына бірдей мобайл қолданба жасау қажет емес. Бағдарламалау ісіне кіріспес бұрын сайтыңыздың трафигіне анализ жасап, бір клиент қайта-қайта сізге орала ма, қандай қосымша талап-тілектері барына назар аударыңыз. Қолданба қандай шаруаны шешеді? Бюджеті қанша? Бәрін есептеп алыңыз.
  • Мобайл қолданбаның үш түрі болады: натив, кросс-платформалық және уеб-қолданба. Таңдағаныңызға қарай бюджеті, функциясы, артықшылықтары мен кемшіліктері әр түрлі.
  • Ең оңай жасалатын, бағасы арзаны — уеб-қолданба. Бірақ оны тек натив қолданбаға уақытша балама ретінде немесе бизнестің қолданбасына айтарлықтай функционалдық керек болмағанда қолдану қажет.
  • Күрделі қолданбаларды аутсорсқа бермеген абзал. Одан қайта өз ішіңізден команда жасақтаңыз. Сонда барлық процесс көз алдында өтеді. Команда бағытпен жақсы таныс болғандықтан, жобаны талқылау, оған функциялар қосу да оңайырақ болады.
  • Уеб-сайт бөлек, мобайл қолданба бөлек мәселелерді шешуі керек. Сондықтан сайттың интерфейсі мен функциясын көшіріп қоя салмаңыз. Қолданбаға функция қоса беріп, дизайннын сәндей бергеннен гөрі шынында юзер экспериенсі жоғары дүние жасаған жөн.