Жоғарғы сот Бишімбаев ісі бойынша түрмеге түскен Бақытжан Байжановтың кассациялық шағымын қарайды
Қазақстанның Жоғарғы соты Бишімбаев ісі бойынша түрме жазасы кесілген Бақытжан Байжановтың кассациялық шағымын қарау мерзімін белгіледі.
Сот отырысы 4 қыркүйекке белгіленген.
Мамыр айында Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты. Экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («қинау») бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бишімбаевтың туысы Бақытжан Әмірханұлы Байжанов аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 432-бабында қарастырылған айыпқа сәйкес кінәлі деп танылды. Ол төрт жыл бойы қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде жазасын өтейді.
Одан кейін Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың шағымы апелляциялық сотқа келіп түсті. 26 маусымда Астанада Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі апелляция сатысында қаралды. Апелляциялық сот бірінші инстанцияда шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.