Ресей Федерациясы шекарадан өтетін шетелдіктердің биометрия деректерін жинамақ. Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі қаулы жобасын жария еткен. Бұл жөнінде ресейлік және қазақстандық ақпарат құралдары жазды.
Көрші ел бұл жобаны желтоқсанның 1-інен бастап тәжірибе жүзінде қолданғалы отыр. Эксперимент алғаш Мәскеудің Шереметьево, Домодедово, Внуково, Жуковский әуежайларында және Орынбор облысының Маштаково автомобиль өткізу пунктінде қолданылады.
Талап бойынша елге келген шетелдіктердің бет-бейнесі мен саусақ бедері көшіріліп алынады. 2024 жылдың 1 желтоқсаны мен 2025 жылдың 30 маусымы аралығында шекарадан өткендер осы талапқа бағынады. Биометриялық сәйкестендіруден өтуден Беларусия азаматтары мен 6 жасқа дейінгі балалар, дипломаттар мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлері босатылмақ.
Жобаның екінші кезеңі бар. Құжатты дайындаған министрлік осының нәтижесінде Ресейге визасыз келуге болатынын мәлімдеген. Ол үшін алдын ала электронды түрде өтініш жазып, келу мақсатын айқындау керек.
Жаңа ережені Ресей үкіметі мақұлдаса, сынақтың екінші кезеңі 2026 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дактилоскопиялық тіркеу туралы заңға қол қойды. Сол кезде 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке басты куәландыратын құжат беру кезінде міндетті дактилоскопиялық тіркеу қолданыла бастайтыны айтылды. Кейін Үкімет Қазақстанда саусақ іздері тіркеу ерікті болатынын түсіндірді.
Әлемдік трендтерге ілескен еліміз аталған технологияны қолданады. Ең алғаш болып қаржы саласына енгізілді. Қазіргі таңда биометрия Қазақстандағы бөлшектік сегментпен жұмыс істейтін банктердің бәрінде дерлік бар.
2024 жылдың ақпан айында Алматыда өтіп жатқан Digital Almaty 2024 форумына қатысқан Ресей министрі Қазақстандағы цифрлық өзгерістерді назарда ұстап отырғанын атап өтті. Ол Ресейдің, әсіресе, Қазақстандағы биометриялық жүйе көмегімен жасалып жатқан өзгерістерді мұқият бақылап отырғанын айтты.