БҰҰ көмегімен Газа секторындағы 640 мың бала полиомиелитке қарсы екпе қабылдайды
Біріккен Ұлттар Ұйымы 1-12 қыркүйек күндері Газа секторындағы балаларды вакциналауды жоспарлаған еді. DW басылымы халықаралық ұйымның бұл жұмысты 31 тамызда бастап кеткенін жазды. Хан-Юнис қаласындағы Насер ауруханасындағы балаларға полиомиелитке қарсы екпе егілді. Жоспарға сәйкес 640 000 бала вакцина алмақ.
Тамыз айының аяғында он айлық нәресте полиомиелит ауруына шалдықаннан кейін сал ауруына ұшыраған. Бұл ауру осы аймақта 25 жылдан кейін алғаш рет тіркелген. Дауасы жоқ дерт, әсіресе, бес жасқа дейінгі балаларға қауіпті. Ол науқасты сал қылып тастайды немесе көз жұмуына себепші болуы мүмкін.
Газа аймағында соғыс басталғанша, екпе жұмысы тұтас аймақ бойынша жүргізілген. Екіжақты қақтығыстан кейін мүлдем бәсеңсіді. Қазіргі уақытта Израиль мен ХАМАС уақытша соғыс операцияларын доғара тұруға келіскен. БҰҰ осы сәтті пайдаланып балаларды вакциналауды қарқынды жүргізбек.
АҚШ мемхатшысы Энтони Блинкен 19 тамызда Израильдің Газадағы атысты тоқтатуға келіскенін мәлімдеді. Американың мемлекеттік хатшысы ХАМАС ұйымын да осындай шешім қабылдауға шақырды.