Қазақстандағы мұнай-газ саласына 125 жыл: салық түсімінің 40%-ы осы секторға тәуелді
Қазақстанда мұнай-газ саласының қалыптасқанына 125 жыл толып отыр. Елдегі мұнай тарихы 1899 жылы Атырау облысынан басталады. Содан бері қара алтын отандық экономиканың жетекшісі саласына айналды.
«Шетелдік инвестицияларды тартуға қолайлы жағдайлар жасау басты алғышарт болды. Бұл Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты бірқатар ірі жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Аталған жобалар халықаралық ынтымақтастықтың символына және Қазақстанның жаһандық экономикаға табысты интеграциясының үлгісіне айналды.
Мұнай-газ кешенінің барлық қызметкерлерін Қазақстан мұнайының 125 жылдығымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, құт-береке, дендеріңізге саулық және кәсіптеріңізге табыс тілеймін. Әрқашан ел іргесі бүтін, аспанымыз ашық болсын!», – деді сала қызметкерлерін құттықтаған ҚР Энергетика министрлігі Алмасадам Сәтқалиев.
Орташа жалақы – 700 мың теңге
«Enerjy Monitor» шолуына үңілсек, Қазақстан мұнайы мемлекет қазынасына (бюджет пен Ұлттық қорға) түсетін барлық салық түсімінің 40%-ын (жылына 8 триллион теңгеден астам) құрайды.
Осы салада орташа жалақысы 700 мың теңге (жылдық еңбекақы қоры – 2 триллион теңге) 240 мың жұмыс орны (мұнай компанияларының штатында – 60 мың, мұнай сервистік компанияларда – 180 мың) бар.
Бұл сектордағы жыл сайын тауарлар мен жұмыстарды және қызметтерді сатып алу көлемі 6 триллион теңге шамасында (60%-дан астамы ел ішінде қалады).
Мұнай экспорты төмендеді
Kursiv Research ел экспортының негізгі бағыттарындағы өсу және күйзеліс көрсеткіштерін саралай отырып, экспорт көлемі төмендегенін аңғарды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2024 жылдың қаңтары мен наурызы аралығында ҚР тауарларының экспорты құндық мәнде 1,9%-ға қысқарған. Яғни экспорт нарығында былтыр белең алған төмендеу тенденциясы әрі қарай жалғасуда.
2024 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша ҚР тауар экспортынан түскен ақшалай ағын 18,5 млрд долларды құрады. Бұл бір жыл бұрынғыдан 1,9%-ға аз көрсеткіш. Әдетте Қазақстанның жиынтық экспортының өсіп, төмендеуі – отандық нөмір бірінші экспорттық өнім – «қара алтын» сату нәтижесіне тікелей тәуелді.
Мұнай өндірушілер экспорттық түсімдерді «қара алтынды» жеткізу көлемін қосымша 1,3 млн тоннаға (+7,5%) ұлғайту есебінен арттыра алды. Бірақ мұнай өндіру деңгейінде еш өзгеріс болған жоқ. Еліміздегі мұнай өндіру деңгейі негізгі үш мегажобаға тәуелді десек, сол жобаның бірі Қашағанда қарқын төмендеп қалғаны байқалды.
ОПЕК мұнайға сұраныс артатынын болжайды
ОПЕК ұйымы биыл әлемде мұнайға деген сұраныс артады деп болжайды. Жыл соңына қарай сұраныс тәулігіне 2,2 миллион баррельге артып, 104,46 млн баррельге дейін жетуі ықтимал. Бұған дейін АҚШ Энергетика министрлігі Қазақстанның мұнай өндіруге қатысты болжамын төмендеткен болатын. Ведомствоның шілде айындағы болжамына сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда тәулігіне 1,92 млн баррель сұйық көмірсутегі өндіріледі. Маусымда бұл көрсеткіш тәулігіне 1,95 млн баррель болған. Қазақстан ОПЕК+ келісіміне сәйкес жыл басынан бері асыра орындаған мұнай өндіру көлемін біртіндеп өтеуге тиіс.
Айта кетейік, 30 тамызда Бейжіңде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация қытайлық CNPC және State Power Investment компанияларының басшылығымен кездесті. Тараптар Қазақстаннан Қытайға газ экспорттау мәселесін талқылады.