«Бәйтерек» холдингі 2023 жылы 408 млрд теңге таза пайда тапқан

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Бәйтерек холдингі
«Бәйтерек» холдингі 2023 жылғы қаржы есебін жариялады / Коллаж: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы 2023 жылы 408 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 7,09% пайыз артық. 2022 жылы холдингтің таза пайдасы 381 млрд теңгені құраған. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасында жарияланған есебінде жазылған.

Бәйтерек холдингі – Қазақстан экономикасын орнықты дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін ұлттық институт. Холдинг құрылымына дауыс беретін акцияларының 50%-дан астамы меншік құқығындағы, Холдингке тікелей тиесілі 8 еншілес ұйым кіреді.

Олар: Қазақстанның Даму банкі, ««Qazaqstan Investment Corporation» АҚ, «Отбасы банкі» үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» (бұрынғы KazakhExport), «Аграрлық несие корпорациясы» және Bereke Bank (2024 жылы банк қатарлық инвестор банк акциялары сатып алуға рұқсат берілді).

Холдингтің еншілес ұйымдары ірі және орта бизнес, шағын және микробизнес, агроөнеркәсіп кешенін қолдау, үлестік және венчурлық қаржыландыру, халықты түрғын үймен қамтамасыз ету, экспорттық әлеуетті арттырумен айналысады.

2023 жылы холдингтің актив көлемі де, міндеттемелері де артқан. Актив көлемі бір жыл ішінде 12,2 млрд теңгеден 13,6 млрд теңгеге жетті. Ал міндеттемелері 10,1 млрд теңгеден 10, 9 млрд теңгеге дейін артқан.

Холдинг тобы 2023 жылы экономиканың шикізаттық емес салаларының ірі кәсіпорындарына ұзақ мерзімді кредит беруді екі есе өсірген. 2022 жылы жалпы 358,6 млрд теңге несие берілсе, былтыр бұл көрсеткіш 748,1 млрд теңгеге жетті.

Алайда шағын және орта бизнеске берілген кредит көлемі аса өзгермеген. 2022 жылы холдингтің еншілес ұйымдары ШОБ-қа 1,55 трлн теңге несие берсе, былтыр 1,56 трлн теңгені құрады.

Қаржы есебінен 2023 жылы берілген түрғын үй қарызы 30 пайызға жуық қысқарғаны байқалады. Салыстырар болсақ, 2022 жылы 1,4 трлн теңгеге жуық ипотекалық қарыз берілген. Ал 2023 жылы бұл қаржы 1 трлн теңгеден сәл асады.

Берілген кепілдік сомасы бір жыл ішінде 211,8 млрд теңгеден 342,1 млрд теңгеге жеткен. Былтыр холдинг 139,6 млрд теңгеге жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) шығарған облигацияларды сатып алған. Қабылданған сақтандыру міндеттемелерінің көлемі 324,8 млрд теңгеге тең. 2023 жылы жалпы 554,7 млрд теңгеге агроөнеркәсіп кешені қаржыландырылған.

Былтыр холдингтің еншілес ұйымы – «Қазақстанның Даму Банкі» Қазақстан қор нарығында жасыл облигация орналастырды: 2023 жылғы наурызда KASE биржасында 10 млрд теңгеге, ал желтоқсан айында AIX биржасында 15 млн АҚШ долларына. Ал Отбасы банкінің Азия даму банкінен алған 15,6 млрд теңге көлеміндегі үшінші транш қаражаты есебінен «Ұмай» әйелдер ипотекасы бағдарламасы қосылған.

Холдинг 2023 жылы бірнеше аграрлық компанияның 49 пайыз акциясын иеленген еді. Биыл олардың барлығы холдинг меншігінен шығарылды.

Сондай-ақ оқыңыз