Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексін қабылдауды келесі жылға қалдыруды ұсынды. Бұл Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін қажет. Президенттің пайымдауынша, маңызды заңды әзірлеуде асығыстыққа жол беруге болмайды. Бұл туралы ол Қазақстан халқына жолдауында айтты.
«Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырамын. Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Осы ретте мемлекет басшысы Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар мемлекет басшысы салық режимдерін оңтайландырған жөн деп санайды. Ол бөлшек салықтың енгізілуін мысал ретінде келтірді. Тоқаевтың айтуынша, осы нормаға сенім артқан кәсіпкерлер қызметін ашық жүргізе бастап, кәсіптерін бөлшектеуді азайтқан. Алайда бұл режим негізінен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты болуға тиіс. Тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже беретінін атап өтті.
«Фискалды реформа табысты болсын десек, салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру керек. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтып, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету үшін оны тезірек электронды форматқа көшірген абзал. Бүкіл салық саясатын жиі өзгеріп жатқан фискалды ахуалға бейімдеу керек, соның ішінде салық мөлшерлемесін де қайта қараған жөн», – деді Президент.
Сонымен қатар жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігі туындап отырғанына назар аударды.
«Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни борышкердің банктегі есепшоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн. Жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тартуға тырысу керек. Ол үшін қатерлердің алдын алу жүйесін жетілдіру қажет», – деп атап өтті Тоқаев.
Жаңа Салық кодексінің жайы
Қазақстан Үкіметі жаңа Салық кодексін әзірлеп жатқалы біраз уақыт болды. Жаздың басында Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексі жобасын ұсынды. Құжат осы күзде Парламент талқысына түсіп, 2025 жылдың 1 қаңтарынан өз күшіне енуі тиіс еді. Алайда құжат бизнес тарапынан да, сарапшылар тарапынан да біраз сынға ұшырады.
2024 жылдың ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына көңілі толмайтынын мәлімдеген. Аталмыш құжаттың инвесторларға қолайлы жағдай жасап, бюджетке көлемді қаржы түсуін қамтамасыз етуі қажет екенін айтқан болатын. Алайда қазір дайындалып жатқан кодекс бизнес қауымдастығы арасында салық мөлшерін өсіруді көздейтін құжат ретінде талқыланып келеді.
Жаңа Салық жобасынан оңайлатылған салық режимі мен бөлшек сауда салығы алынып тастау жоспарланған. Оның орнына жылдық айналымы 500 млн теңгеге дейінгі шағын бизнес субъектілері үшін арнайы салық режимі енгізілмек. Бұл ретте кәсіпкерлер жаңа Салық кодексі шағын және орта бизнес жағдайын нашарлатады деп тұжырымдайды. Салық кодексінің осы күйінде қабылдануына «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да қарсы. Олар кодекстің шала екенін айтты.
Ал Halyk Finance сарапшылар «Салық кодексі» Қазақстанның салық және бюджет жүйесінің мәселелерін шешпейтінін, құжатта қайшылықтар барын мәлімдеген. Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың айтуынша, Қазақстанда ЖІӨ-дегі шикізаттық емес салықтық түсімдер үлесі Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің орташа көрсеткішімен салыстырғанда айтарлықтай төмен.
Жаңа жобада банктер мен ойын бизнесіне салынатын КТС-ты 25 пайызға дейін көтеру көзделген. Алайда Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов банк саласының корпоративті табыс салығын бұлай қымбаттатуды қолдамайды.