S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның несие рейтингін BBB- деңгейінде растады. Бұған ЖІӨ-нің 20%-ын, экспорттың жартысынан астамын және мемлекет кірісінің 30%-ын құрайтын елдің мұнай-газ секторы ықпал етті. Бұл туралы Halyk Finance талдау орталығы хабарлады.
S&P Global Ratings мұнай өндіру көлемінің төмендеуі елдің экономикалық өсу қарқынына теріс әсер ететініне назар аударған.
«Салдарынан биылғы жылдың соңында ЖІӨ өсімі бойынша болжам 3,7%-ға тең. Бұл елдің құжаттарында белгіленген деңгейден әлдеқайда төмен және бюджетті болжамдау мәселесіне де қатысты», – деп хабарлады халықаралық агенттік.
S&P Global Ratings болжамы …
Рейтингтік агенттік 2024 жылы ғана емес, алдағы үш жылда да экономикалық өсім «қалыпты болады» деген болжам жасаған. Бұл ретте «қара алтын» бағасы маңызды. Сарапшылар пайымынша, «Теңіз» кен орнын 2025 жылдың екінші жартысында кеңейту жобасын іске қосу да экономиканың 4,5%-дан жоғары өсіре алмайды.
«Осылайша 2025-2027 жылдары ЖІӨ орташа өсу қарқыны жылына 3,7%-ды құрайды», – деп болжады агенттік.
Үкімет пен рейтингтік агенттік болжамы әртүрлі
Бұрын ел Үкіметі Қазақстан экономикасы алдағы жылдары 6%-ға өседі деп болжап келген. Ал жақында жарияланған «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында көрсеткіш 5,5%-ға тең. Ал бұл S&P Global Ratings агенттігі хабарлаған 3,7%-дан жоғары.
Ведомствоның атап өтуінше, егер жекешелендіру бағдарламасы дұрыс жүргізіліп, жеке сектор мен шетелдік инвестицияның артуына әкелетін болса, нақты қарқын олардың болжамынан жоғары болуы мүмкін.
Дегенмен, S&P Global Ratings сарапшыларының пікірінше, жекешелендіру баяу қарқынмен жүріп жатыр.
«Орталықтандырылған шешімдер қабылдау, цензура сақталып отыр, сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Жағдай алдағы үш жылда осылай сақталады», – деп хабарлады рейтингтік агенттік.
Мұнай секторы экономикалық дамудың негізгі көзі болып қала бермек
Мұнай секторы экономикалық өсудің негізгі көзі және оның осал тұстарының негізгі көзі болып қала береді. S&P Global Ratings экспортталатын мұнайды тасымалдаудың геосаяси факторларға жоғары тәуелділігін атап көрсетеді. Өйткені экспортталатын мұнайдың 80%-ы КҚК құбыры арқылы Ресейден өтіп, содан кейін Еуропаға жетеді.
«Күшті фискалдық және сыртқы көрсеткіштер мұндай тәуекелдерді басқаруға мүмкіндік бергенімен, жоғары шығындарға, логистикалық қиындықтарға және басқа бағыттар бойынша қомақты инвестиция қажет. Салдарынан КҚК құбырына тәуелділік жалғаса береді», – деп жазылған құжатта.
Еске сала кетсек, жақында «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы жария талқыға шығарылды. Онда 2025 жылы Ұлттық қордан трансферттер көлемі 2 есе, 5,25 трлн теңгеге дейін ұлғайтылған.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жыл қорытындысы бойынша Қазақстанның экономикасы 5,1% өсімге қол жеткізді.
2024 жылғы көктемде су тасқыны салдарынан Қазақстан экономикасының өсу қарқыны баяулап, 3,3%-ды құрады.