Финляндия үкіметі Ресей азаматтарына жылжымайтын мүлік сатып алуға тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы аталған елдің Қорғаныс министрі Антти Хакканен мәлімдеді деп жазады Reuters басылымы.
Құзырлы ведомство басшысы бұл шектеуді «елдің ұлттық қауіпсіздігін қорғау үшін жасалып отырған шара» деп түсіндірді.
Бүгінгі таңда фин билігі ресейліктерге тиесілі 3,5 мыңнан астам жылжымайтын мүлікті бақылауда ұстап отыр. Жыл басында Финляндия Ресей азаматтарының стратегиялық нысандар маңында жылжымайтын мүлік сатып алу транзакцияларына тосқауыл қойып, бұл процесті қолданыстағы заңнамамен реттеуге тырысты.
Заңдағы жаңа ереже ресейліктердің елде жылжымайтын мүлік сатып алуына толық тыйым салады. Алайда, министрдің айтуынша, заң қос азаматтығы бар адамдарға (Ресей мен кез келген Еуропа мемлекеті), сондай-ақ Финляндияда тұрақты тұратын ресейліктерге қатысы болмайды.
Бұған дейін 2022 жылдың қыркүйегінде Финляндия ресейлік туристер үшін шекараны жауып тастады. Бұған дейін Польша, Литва, Латвия және Эстония осындай шешім қабылдаған болатын.