Банк пен қаржы

Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15%-ға жеткізуді тапсырды

Қазір экономикадағы орта бизнес үлесі 7% / Архив: kursiv.media

2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15%-ға жетуі керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында айтты.

«Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш – 7% шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни жан-жақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда іс жүзінде әлі дайын емес», – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады.

«Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек. Ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар», – деді Президент.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы шілде айында орта бизнеске берілген несие мөлшерлемесі айлық 0,4%-ға, яғни, 17,9%-ға жетті.

Бұл ретте несиелер портфеліндегі шағын және ірі бизнестің үлестері бірдей дерлік – сәйкесінше 45% және 42%, ал орта бизнес 13%-ды құрайды.