Жаңалықтар

Елордада Жасанды интеллект ұлттық орталығы құрылады

Орталық оқушылар, студенттер, ғалымдар және кәсіпкерлер үшін әрдайым ашық болады / Фото: shutterstock

Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосу керек. Бұл жайлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында айтты.

Оның сөзінше, «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс.

«Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Парламент депутаттарын осы жұмысқа атсалысуға шақырамын. Келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосу керек. Бұл орталық оқушылар, студенттер, ғалымдар және кәсіпкерлер үшін әрдайым ашық болады», – деді Тоқаев.

Еске сала кетсек, 2025 жылы Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аяқталады. Сол арқылы мәліметтердің халықаралық арнасымен және трансшекаралық ағынымен байланысты цифрлық инфрақұрылым құра аламыз.