Курорттық аймақтарда сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуежайлар салынуы мүмкін
Курорттық аймақтарда сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салынуы мүмкін. Бұл туралы ел халқына жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылды. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек. Өнеркәсіпті дамыту қорының есебінен кіші авиация ұшақтарын алған жөн», – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, әуе хабтарын дамыту – өте маңызды міндет. Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады.
Әуежайларымыздың жүк тасымалдау мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды жасау керек. Ішкі әуе бағдарларын дамытуға айрықша назар аударған жөн. Бұл, әсіресе, негізгі туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды. Туризм жобаларын жүзеге асырғанда табиғатқа зиян келтірмей, экологияны сақтау барынша маңызды екенін ерекше атап өткім келеді, – деді президент.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алакөл маңындағы Үшарал қаласы әуежайының қосымша терминалы салынатыны туралы жазған едік. Қосымша терминал құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде. Кеңейту жұмыстары шағын авиацияны дамыту жөніндегі Президенттің тапсырмасы аясында қолға алынған.