Авто

Тоқаев жүргізуші куәлігін беру талаптарын қатаңдатуды тапсырды

Тоқаев жүргізуші куәлігін беру талаптарын қатаңдатуды тапсырды / фото: архив Kursiv.media

Елімізде жүргізуші куәлігінің берілуі қатаң қадағаланатын болады. Бұл туралы ел халқына жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Жүргізушілерді даярлау деңгейінің де төмендеп кеткені жасырын емес. Жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар бар. Үкімет, әкімдер, Ішкі істер министрлігі батыл қадам жасауы керек. Депутаттар бұл мәселені назарда ұстауға тиіс» – деді Президент.

Сондай-ақ мемлекет басшысы автокөліктердің техникалық жағдайына бақылау жасау жайына тоқталып өтті.

Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе. Осы салаға жауапты мекеме автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасауы қажет, – деді Тоқаев.

Бұған дейін Қазақстанның Ішкі істер министрі жүргізуші куәліктерін, көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді және мемлекеттік нөмір белгілерін дайындау қызметтерінің жаңа бағаларын бекітті.