АЭС салуға қатысты жалпы ұлттық референдум 6 қазанда өтеді – Тоқаев
АЭС салуға қатысты референдум 6 қазан күні өтеді. Бұл жайлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жолдауында әлемде энергия тапшылығы күшейіп бара жатқанына тоқталып, бұл мәселені атом энергетикасын дамыту арқылы шешуге болатынын атап өтті.
«Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады», – деді президент.
Мемлекет басшысы қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұрғанын айтты. Осы орайда көпшілікті болашақты ойлауға шақырды.
«Мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын», – деді Тоқаев.
Тоқаев атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтетінін, тиісті жарлыққа бүгін, яғни 2 қыркүйек күні қол қойылатынын жеткізді.
«Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз», – деді президент.
Еске сала кетсек, 27 тамыз күні Бектенов министрлер кабинетіне АЭС салу бойынша референдум өткізу үшін жарлық жобасын әзірлеп, президентке ұсынуды тапсырған болатын. Үкімет басшысы атом энергетикасын дамыту ел үшін болашағы өте зор бағыт екенін атап өтті.