Жаңалықтар

12 қылмыстық іс бойынша айып тағылған Telegram басшысы Павел Дуров Елисей жазығында қыдырып жүр

Фото: shutterstock

Франция прокуратурасы 12 қылмыстық іс бойынша айып тағып отырған Telegram негізін қалаушы Павел Дуров өзінің қалыңдығымен Елисей жазығында қыдырып жүр. Бұл жайлы француз басылымдары жазды.

«Telegram бастығы Павел Дуров өзінен он бес жас кіші қалыңдығы – Юлия Вавиловамен бірге Парижде қыдырып жүр. Оған тағылған айыптардың ауырлығына қарамастан, Брежневтің тұсында Ленинградта дүниеге келген, Сент-Китс пен Невис, Франция Республикасы және Біріккен Араб Әмірліктерінде үш төлқұжаты бар ол Дубайда тұрады. Ол заңға қатысты ауыртпалықтарды қатты сезіне қоймаған секілді»,  –деп жазады француз басылымдары.

Айта кетсек, 24 тамызда Telegram мессенджерінің иесі, миллиардер Павел Дуров Париж әуежайында ұсталды. Ол Ле Бурже әуежайына Әзербайжаннан жеке ұшағымен қонған сәтінде тұтқындалды.

Оған Франция прокуратурасы 12 қылмыс бойынша айып тағып отыр. Соның бірі – заңсыз транзакцияларды жүзеге асыру үшін онлайн-платформаны басқаруда ұйымдасқан қылмыстық топ қызметіне қатысу. Бұл үшін Франция заңы бойынша 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жазаға қоса 500 мың еуро көлемінде айыппұл салынады. Сонымен бірге уәкілетті органдардың сұрауы бойынша заңсыз әрекеттерге қатысты ақпарат немесе құжаттарды беруден бас тарту, ақшаны жылыстату және қылмыскерлерге криптографиялық қызмет көрсету секілді айыптар тағылып отыр.

Ал 28 тамыз күні Дуров 5 млн еуро төлеп, кепілмен бостандыққа шықты.  

Дуровтың тұтқындалғаны туралы хабар тараған соң, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Қазақстан журналистер одағы француз билігін Павел Дуров пен Telegram командасынан кінарат іздемеуге шақырды

Дуровқа қолдау көрсеткендер қатарында Х желісінің иесі Илон Маск пен АҚШ журналисі Такер Карлсон бар.  

Бұл мәселеге қатысты Франция басшысы Макрон да пікір білдірді. Ол Дуровтың ұсталуының саяси астары жоқ екенін айтты.