Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне, басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қою міндеттелетінін, әсіресе, экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің елге іріткі салуына жол бермеу қажет екенін айтты.
«Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс. Құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы керек», – деді президент.
Сонымен бірге бұл бағытта елде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, Қазақстан соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеткенін мәлімдеді. Айтуынша, көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Десе е, мемлекет басшысы арқаны кеңге салуға болмайтыны, азаматтардың қауіпсіздігіне көңіл бөлу маңызды екенін айтты.
«Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді», – деді президент.
Тоқаев Қазақстанның саяси тұрғыда жаңғырып жатқанын, нәтижесінде азаматтар өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылғанын жеткізді.
«Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер жасалып жатыр. Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз», – деді президент.
Осы жолғы жолдауында президент АЭС салуға қатысты жалпы ұлттық референдум 6 қазанда өтетінін айтты.