Аты-жөні орысша болса, қабылдамайды: Қытай банктері Ресейден келетін барлық төлемді мұқият тексере бастаған

Жарияланды
Қытай банктері деректері кириллицада жазылған төлемдерді де мұқият тексере бастаған / Фото: kursiv.media

Қытай банктері төлем құжаттарында Ресей азаматтарының есімдері көрсетілсе, оларды қабылдаудан бас тартады. Импорттаушылардың айтуынша, жағдай шілде айының ортасынан бері күрделене түскен.

«Бірінші топ» компаниясының бас директоры Алексей Порошинның айтуынша, Қытай тарапы төлемдердің Ресеймен байланысын мұқият тексереді.

Қытай тарапы осылайша талаптарды күшейткен соң, ресейлік тауар импорттаушылар Ресеймен байланысын барынша жасыруға тырысып, төлемдерді үшінші тұлғалар арқылы жүргізе бастаған.

«Импая Рус» компаниясының директоры Алексей Разумовский Қытай банктері кәсіпкердің Ресеймен байланысын сезсе, оны дереу тексеретінін айтады. Сондай-ақ банктер кейде кириллицада жазылған деректері бар төлемдерді де қабылдамайды екен. Компания басшысының айтуынша, қытайлық серіктестер қайталама санкциялардан қорқып, осылайша кез келген қауіптің алдын алуға тырысады.

Қытай банктері тіпті төлем жіберген адамның аты-жөні орыс тілінде жазылса да, төлемнің түпкі жіберушісін анықтап, Ресеймен байланысын тексереді екен. Сол үшін де төлем мәліметтерінде адамның аты орысша жазылса, банктер қосымша ақпарат сұрата бастаған. Мұндай төлемдер Ресейге қатысы болмаса ғана қабылданады.

Жағдай осылай жалғаса берсе, Ресей мен Қытай санкцияларды айналып өту үшін бартерлік саудаға ауысуы мүмкін екені де айтылады. Шетелдік басылымдардың хабарлауынша, Ресей тарапы мен Қытай осы мәселеге қатысты күзде арнайы келіссөздер жүргізуі мүмкін.

Айта кетсек, Қытай банктері мен Ресей кәсіпкерлерінен төлем қабылдаудан жарты жыл бұрын бас тарта бастаған. Оған Батыс шектеулерінің күшеюі әсер еткен. Мәселен, Қытай банктерінің 98%-ы Ресейден төлем қабылдаудан бас тартқаны хабарланды. Ресей кәсіпкерлері қытайлық банктер шектеулерге қарамастан, мамыр-маусым айларына дейін төлем қабылдап келгенін айтады. Ал 20 шілдеден бастап қаржылай транзакция жүргізу қиындаған.

Осыған байланысты Ресейле импорт көлемі де түсіп кетуі мүмкін деп болжанады. Ресейдің Орталық банкінің жаңартылған орта мерзімді болжамына сәйкес, шетелдік банктердің төлем қабылдаудан бас тартуына байланысты импорт үлесі 1-3%-ға азаяды деп  күтілуде.

Ал 20 тамызда қытайлық банктер ресейлік кәсіпкерлерге бірнеше ай бұрын төленіп қойған тауар ақшасын қайтара бастағаны хабарланды. 

28 тамыздан бастап Қытай тарапының сұратуымен БАӘ банктері де Ресейден келетін төлемдерді бұғаттай бастады.

Сондай-ақ оқыңыз