Жаңалықтар

Ресейге қашып кеткен кәсіпкер Балушкиннен қайтарылған «Рахманов қайнары» шипажайы қашан пайдалануға беріледі – әкім жауабы

Рахманов шипажайына
Көшербаев «Рахманов қайнары» шипажайына баратын жол жөнделіп жатқанын айтты / Фото: otdyh-vko.kz

Мемлекет «Рахманов қайнары» шипажайына баратын жолды жөндеп жатыр. Бұл жайлы Парламент кулуарында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев айтты.

«Рахманов қайнары» шипажайына баратын жол төселіп жатыр. Шамамен 20 шақырым жөнделмеген жол бар. Бұл жол таулы жерден өтетіндіктен, күрделі жөндеу жұмыстарын талап етеді. Бұл нысанды келесі жылға дейін қалпына келтіру керек», –деді әкім.

Сонымен бірге әкімнен журналистер бұл шипажайда кімдердің демалатыны жөнінде сұрады. Әкім әзірге нақты кесіп айтуға әлі ерте екенін айтты. Өйткені нысанның қандай меншікте болатыны әлі шешілмеген, яғни облыс меншігіне беріле ме әлде республикалық меншікте қала ма белгісіз.

«Бұл әлі белгісіз. Себебі шипажай облыс немесе республикалық меншікте бола ма, әлі шешілмеді. Қазіргі уақытта ол республика меншігінде. Бәрі алдағы уақытта белгілі болады», – деді Көшербаев.

Еске сала кетсек, «Рахманов қайнары» шипажайы Ресейге қашып кеткен бизнесмен Анатолий Балушкинге тиесілі болған. Тамызда нысан Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының балансына өтті.

Нысанның сметалық құны жер телімін есептемегенде 1,6 млрд теңгеден асады.

«Рахман қайнары» шипажайы 1964 жылы ашылған. Шипажайдың сыйымдылығы 100 орынды құрайды. Бұл жерде әртүрлі аурулар табиғи минералды термалды жер асты радон суларымен емделеді.

Рахманов бұлақтарының суы қазіргі химиялық классификация бойынша әлсіз минералданған азотты кремнийлі емдік санатқа жатқызылған. Оның құрамы Ресейдің Белокуриха шипажайы мен Грузияның Цхалтубо курортына ұқсас және емдік күші жағынан олардан кем түспейді.

Шипажайдың бұрынғы иесі Анатолий Балушкин 2020 жылға дейін Forbes-Қазақстан тізіміндегі ең бай 50 адамның қатарында болған. Ол «Азия Авто» АҚ және «БИПЭК Авто Қазақстан» АҚ бақылаушы акционері болған. «БИПЭК Авто Қазақстан» құрылымына «Азия Авто Қазақстан» АҚ-ның 75%-ы және ресейлік «Азия Авто» Өскемен», «Азия Авто Сибирь» және т.б. компаниялар кірген.

Ал 2020 жылы компания қиындықтарға тап болды. Сол кездегі Индустрия министрлігі компаниямен келісімшартты бұзып, 174 миллиард теңгені қайтаруды талап етті. Осыдан соң Балушкин Ресей қашып кеткен болатын. Ал 2021 жылы Қазақстан Балушкинге іздеу жариялады. Артынша кәсіпкердің Ресей азаматтығын алғаны белгілі болды.