Ресейден тұмауға қарсы екпенің 2,2 млн дозасы жеткізіледі: вакцинация шаралары қашан басталады?
Тұмау маусымының басталуына байланысты қазақстандықтарға тұмауға қарсы екпе салына бастайды. Бұл жайлы Денсаулық сақтау министрлігінің «Курсивтің» сауалына берген жауабында жазылған. Министрліктің хабарлауынша, екпе дозалары Ресейден Қазақстанның медициналық мекемелеріне қыркүйек айының ортасында жеткізіледі.
«Бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС мәліметі бойынша, тұмауға қарсы вакцина осы жылдың қыркүйек айының 1-жартысында жеткізіледі», – делінген жауапта.
Министрлік сауалға берген жауапта Қазақстанға медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде халықтың ең осал топтарын иммунизациялауды қамтамасыз ету үшін 2,2 млн-нан астам екпе дозасы сатып алынғанын айтқан. Оның 200 мың дозасы Алматыға, 160 мың дозасы Астанаға, 150 мың дозасы Шымкентке жеткізіледі. Бұл вакцина «Гриппол® плюс» деп аталады. Препаратты Ресейдің «НПО Петровакс Фарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығарады.
Министрлік хабарлауынша, вакцина сатып алуға 4 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Бұл вакцина бірінші кезекте медициналық ұйымда динамикалық бақылауда тұрған балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, қарттарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелердегі адамдарға, мүгедектерге салынады. Сонымен қатар медицина қызметкерлері мен эпидемиологиялық себептер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдарға салынады.
«Вакцинациялау шаралары бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 16 тамыздағы N7 қаулысына сәйкес медициналық ұйымдардың егу кабинеттерінде, сондай-ақ көшпелі егу бригадалары арқылы жүргізіледі», – деп хабарлайды министрлік.
Бұл екпені жеке тұлғалар медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ала алады. Үкіметтің N612 қаулысына сәйкес, меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдардың екпе кабинеттерінде, яғни жекеменшік медициналық орталықтарда екпе егу шараларын жүргізуге рұқсат берілген. Яғни жекеменшік медициналық ұйымдар кез келген вакцина түрін әкеліп, халыққа ұсына алады. Ол үшін азамат Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуде болуы шарт.
Сонымен бірге вакцианциялау шараларын қай уақытта жүргізетінін әр мекеме өздері шешеді.
Еске сала кетсек, елде жұқпалы және қауіпті аурудан сақтану мақсатында вакцинациялау шаралары жүргізіледі. Мәселен, Үкімет мамырда адам папилломасы вирусына қарсы вакцина сатып алуға резервтен 9,7 млрд теңге бөлген болатын. Бұл екпе 11 жастағы қыздарға жатыр мойны обырының алдын алу үшін салынбақ.