Тамызда Қазақстандағы жылдық инфляция сәл баяулап, 8,4%-ды құраған. Ал айлық инфляция шілде айындағы 0,7%-бен салыстырғанда, 0,6%-ға дейін баяулаған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
2023 жылдың тамызымен салыстырғанда, ақылы қызметтердің бағасы – 13,6%, азық-түлік емес тауарлардың бағасы – 7,7%, азық-түлік тауарларының бағасы 5,5% өскен. Соның ішінде орталықтан жылыту бағасы – 33%, қоқыс шығару– 23,5%, су бұру – 22,9%, электр энергиясы – 22,8%, суық су – 21,9%, ыстық су бағасы 20,2% өсті. Денсаулық сақтау қызметтері – 12%, байланыс қызметтері 14,9% қымбаттаған.
Есесіне қырыққабат (27,6%), қарақұмық жармасы (23,4%), күнбағыс майы (17,2%), пияз (14,2%) арзандады.
Ал бір айда ақылы қызметтердің бағасы – 1,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлардыкі 0,8% қымбаттаған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында су бұру тарифі 1,6%, суық судыкі 0,9% өсті. Қалалық автобуспен жол жүру – 9,3%, такси 1,8% қымбаттады. Тұрғын үйді жалға беру бағасы да өскені байқалады; 1,4%.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар ішінде тамыз айында оқушылардың рюкзагына баға 4,7% өсті, ал балалар киімі – 1,8%, балалар аяқ киімі– 1,3%, кеңсе тауарлары – 1,1% өскен. Баллондағы сұйық газ 1,7%-ға қымбаттады.
Өңірлер бөлінісінде Абай облысы, Түркістан облысы мен Алматы қаласында азық-түлік біршама қымбаттаған.
10 облыста инфляция деңгейі орташа республикалық деңгейден асып түсті. Астана (10,5%), Маңғыстау (10,2%) және Павлодар (9,6%) облысында ең үлкен өсім тіркелді.
2024 жылғы 29 тамызда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтап қалды. Бас банк ортамерзімді келешекте инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұзақ уақыт бойы ұстап тұруды талап ететінін мәлімдеді.